Қазақ халқының өзіндік күнтізбесі мен космонимдік түсінігі болғаны белгілі. Көшпелі өмір салтымен айналысқан қазақ халқы көне ғасырлардан бері табиғат мен қоршаған ортаны, аспан әлемі мен жұлдыздардың орналасуын зерттеген, сөйтіп күнтізбе жүйесін жасаған. Егер орыс халқын алар болсақ, олардың күнтізбесіндегі ай атауларының барлығы грек, латын тілінен келген атаулар. Ал қазақтағы ай атауларының барлығы – қазақша. Осы деректің өзі қазақта бөлек күнтізбенің болғанын дәлелдей.
Қазақ күнтізбесінде ай атауларымен бірге амал атаулары да бар. Оны айырып алу үшін халық ұғымындағы «ай» мен «амал» түсініктерін ажыратып алған жөн. Мәселен, ай дегеніміз – көне түркі күнтізбесі бойынша отыз не отыз бір күннен тұратын жылдың он екіге бөлінісі. Ең алдымен, ай мен амалдың айырмашылығы олардың ұзақтығы мен сандық шамасында жатыр. Амалдың ұзақтығы айдың уақытына тең емес. Амал ары кетсе жарты айға ғана созылады. Әйтпесе, екі-үш күн, немесе екі аптаға созылуы ықтимал.
Амал деп жыл ішінде белгілі бір уақытта қайталанып келетін ауа райының ерекше өзгерісін айтады. Амалдар бірнеше күннен, әдетте, төрт-бес күннен бір-екі аптаға дейін созылуы мүмкін. Мысалы, «теке бұрқақ», «бес қонақ – бес ешкі», «наурыздың ақша қары», «құралай», «кіші қазан», «үлкен қазан», «қараша», т.б. Жылдың әр айлары мен тоқсанында болатын ауа райындағы және табиғат өзгерiстерi мен құбылыстарын назарына ұстап, бекітіп ұдайы қадағалап, болжап және оны күнiлгерi хабарлап тұратын есепшілер болған.
Амал атауларының бірі – отамалы. Бірақ «отамалы» орталық, Арқа қазақтары ай аты ретінде қолданғанымен, бұл амал екендігі белгілі. Отамалының қазіргі күнтізбе бойынша нақты қай айда болатындығы жайлы тұжырым әртүрлі. Кейбір зерттеушілер мұны наурыздың соңы десе, бірі сәуірдің ортасы, кейбірі мамырдың басы дегенді айтады. Арғын елі сәуірді отамалы деп атайды. Ал Ш.Уәлихановтың деректерінде наурыз отамалы айы деп көрсетілген. В.Радловтың ұсынған ай жүйесінде отамалы мамыр айына сәйкес келеді.
Дегенмен, отамалының көктем шыққанда болатындығы белгілі. Отамалы біткен соң, халық күн жылынып, көктем шықты дескен, жайлауға көшуге дайындалған.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев «отамалы, сәуірде қой қоздайды» дейді. Соған қарағанда этнограф бұл екі атауды амал ретінде қолданып отырғанға ұқсайды.
Зерттеуші Орынғазы Әбутәліптің жазуынша, отамалыдан кейін шөп өсіп, жер отаяды, малдың аузы көкке толады. Мұндай амал басқа халықтарда да кездеседі. Мәселен, славянша «мурава» айы («мурава» - қазіргі орыс тіліндегі «трава» сөзінің ескілікті түрі, мағынасы – «шөп»), қазіргі украин тіліндегі «травень» айы (мағынасы – «шөп») отамалыға ұқсас. Екеуі де ескіше майға сәйкес. Француз календарында «прериаль» деген ай болған, мағынасы – «жер отаятын ай».
Отамалы алтайлықтарша көк ай («жер көктейтін ай» мағынасында), туваша – от ай, шорша – от ай немесе қыра сүрген ай делінеді.
Кәмел Жүнісов «Отамалы – сәуір-көкек айында, жер жіпси бастаған кезде орын алатын суық. Наурыз күні өткеннен кейінгі аптаның соңында құсқанаты деген жапалақтап қар жауған амал өтеді. Ұлы далада қырқаның жотасы қарайғанмен, айналаны жапқан қар сіресіп жатады. Осы күнгі жыл санаудағы сәуірдің 4-5-і күні соңғы боран болады. Сонан соң қар күрт еріп сала береді де малдың өрісі кеңейеді. Көшпелі ел тап осы соңғы боранды отамалы деп атаған», – деп оның жазда емес, көктемде болатындығын айтады.
Қазіргі уақытта «отамалы» атауының шығуына қатысты әртүрлі дерек бар. Ең көп тарағаны – от, шөп сөзінен өрбуі туралы тұжырым. «Малдың оттауы», «шөптің шығуы» дегеннен шықса керек. Әдетте, отамалыда көк қаулай шығып, әжептәуір көтеріліп қалады. Халықтық этимологияға жүгінсек, отамалы сөзі малдың отқа ауыз салып, жердің отайып қалған кезін айтады. Көктем айларында көк шыға бастағанмен, малдың отап тастап, отайып қалған жердің бейнесі жаздың бірінші айында байқалатыны ақиқатқа сыйымды. Егер отамалы ай аты бола қалса, онда ол жаздың бірінші айын белгілеуі керек.
Екінші пікір – бұл отау, қырып-жою, жұлып құрту. «Оталу» түбінен туындауы мүмкін деген пікір. Өйткені отамалыдағы қыстан тұралап шыққан малдың қырылуына әкелуі мүмкін.
Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында халықтық этимологияға түсінік береді:
«...Жазғасалымның ең жайсыз кезін әнеукүні әжесі «отамалы» деп атап еді.
– Осы «отамалы» немене? Не деген сөз өзі? – Абай соны сұрады. – Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны – бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол пақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі, қойды жайылысқа шығарайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айырыласың десе, байы бір діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қылып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні, құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы пақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы – «отамалы» атанғаны содан дейді. Әжең пақыр соны біледі ғой».
Отамалы «Бес қонақтан» кейін келеді. Отамалының «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін» деген серті бар деседі. Отамалы қара жерге келсе, жайсыздау болып, боранды, жауын-шашынды күн көп болады. Ал «бес қонақ» – наурыз айының 17-21 күндері болатын жауын-шашынды күндер. Бұл – әр жылы соғып өтетін суық әрі лайсаң мезгіл. Жұрт осы «бесқонақтан» қатты сақтанып, күтініп отыратын болған.
Ішкі бөкейліктерде мынандай қара өлең жолдары бар деп келтіреді Р.Құдайбергенов:
Отамалы – ойылған қыс,
Сәуiр – санды қыс,
Зауза-саратан, сенен де қорқам.
Мұнда зауза, саратан деген қоңыздың аттары. Осы айда ұшып, көктеп шыққан шөпке зиянын тигізетін көрінеді.
Бұл кезде ауа-райы құбылмалы болғандықтан, оны «ойылған қыс» деп те атаған. Отамалы – көкті әлі суық жібермей тұрған шақ. Қарасуықтың кезі. Тырбиған көкке мал аузы жаңа іліге бастаған осы мезгілді «қараөзек» деп те атайды.
Сонымен, отамалы дегеніміз – көкті әлі суық жібермей тұрған шақ, қарасуықтың кезі. Тырбиған көкке мал аузы жаңа іліге бастаған осы мезгілді «қараөзек» деп те атайды.
Отамалы келді де,
Күн менен түн теңелді.
От шықты, жер көгерді,
Малдар жерге қадалып,
Аузына көк ілінді.
Отамалы деген сөз ай атауы деп танылатын пікірлер көп, бірақ қалыптасқан қолданыстағы он екі айдың ішіне бұл сөз кірмейді. Ондағы екі айдың арасында болатын кәсіби шаруашылыққа негізделініп, сол шаруа науқаны басталған уақытты атау мақсатында қолданылады десек болады.
Мәлімет Орынғазы Әбутәліптің зерттеулері бойынша дайындалды