Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында 2 жылдан бері жүзеге асып жатқан істер бірталай. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің аталмыш мақаласында Қазақстанның киелі жерлерінің географиясының картасын жасауды тапсырған еді.
“Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз”, – деген еді Тұңғыш Президент.
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында еліміздің Оңтүстік өңірлеріндегі тарихи жәдігерлеріміз біртіндеп қалпына келтірілуде. Жақында ғана Сауран қласы қалпына келтіріліп, "Қасым хан" сериясының бір бөлігі түсірілетінін жазған едік.
Тағы бір ежелгі қала Қызылорда облысы Қазалы ауданынан 15 шақырым жердегі Жанкент қалашығын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш шара "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында қолға алынған.
Жанкент, Янгикент VІІ-ХІV ғасырлардағы ежелгі қала. Жүздеген жылдар бойы Оғыздардың астанасы болған. Жувейнидің, Несевидің және Омаридің кейбір еңбектерінде ол “Шакаркент” деп жазылған.
Қаланы жаңғырту жұмыстарын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ғалымдары мен студенттері тарихи қалаға арнайы экспедиция жасағаннан кейін қолға алынған. Жанкенттің қайта жаңғыруына атсалысып жатқан топқа аталған оқу орнының археология және этнография ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, PhD доктор Әзілхан Тәжекеев басшылық етеді.
"Биылғы қазба жұмысында қалашықтың шахристан бөлігінде орналасқан тұрғын үй кешеніне зерттеу жүргізілді. Ескерткіш цитаделінің солтүстік қабырғасынан аршылған мұнаралар мен оған жалғасып жатқан қабырғаларға назар аударылды. Сондай-ақ, қалашықтың шығыс қабырғасының ортаңғы бөлігіне қазба салынып, толық аршылды", – деді Әзілхан Тәжекеев.
Жанкент қаласы В.В. Бартольдтің пайымдауынша, ЖанкентХ-ХІ ғасырларда Оғыз мемлекеттік бірлестігі билеушілерінің қысқы ордасы болған. Қаланың ұзындығы 10 шақырым ені 7-8 шақырым болған. Ал жаудан қорғанатын қабырғаларының биіктігі 8 метр. Оңтүстік қабырғалары осы күнге дейін жақсы сақталып жеткен.
Қала туралы мағлұматтар Қорқыт ата аңыздарында да кездеседі. Себебі Қорқыт ата оғыз патшасы Инал Яуидың уәзірі болған. Қала Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін ең құдіретті мекендердің бірі болған екен. ХV ғасырға дейін қала туралы деректер тарихшылар жазбаларында кездесіп тұрған. Жанкент туралы алғашқы тың дерек араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің жазбаларынан кездескен. Жамал Каршидің жазуынша оғыздар көшпенді емес отырықшылықты ұстанған ел болған. Мысалы қала тұрғындары Арал бойынан тұз кендерін тауып, Араб, Қытай, Парсы елдерінен тұз сатқан. Шығыстан батысқа қарай өтетін керуен де осы Жанкент арқылы өтетін болған. ХV ғасырға келіп Сыр суының басқа арнаға ауып ағуынан жергілікті тұрғындар қаланы өз беттерімен тастап шығып кеткен дейтін болжам бар.
Келесі деректер ХІХ ғасырдан бастап жазыла бастаған 1867 жылы тарихи орында П.И. Лерх пен М.К. Приоров қазба жұмыстарын жүргізген. Ал 1946 жылы Хорезмнен келген арнайы экспедиция қаланың нақты жобасын сызып, әуеден суретке түсірген. Енді "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында тарихи жәдігеріміз қайта жаңғырып отыр.