Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы 13 наурызда бекіткен қазақ әліпбиін кирилицадан латын графикасына көшіру жөніндегі Жарлыққа сай, қазақ тілін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жоспарланған еді. Әліпбидің жаңа латынша графикасын алғаш оқып-үйренетіндер балабақша мен оқу орындары болмақ.
Латын графикасын толығымен қабылдап, қолданысқа енгізу үшін Қазақстан мына үш кезеінен өтуі тиіс:
Бірінші, 2018-2020 жылдары нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру бойынша жұмыстарды жүргізу, жаңа әліпбиде емле ережесін және латын әліпбиіне мәтіндік қайта көшіруге арналған IT қосымшасын әзірлеу;
Екінші, 2021-2023 жылдары мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар қабылдаған қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді, паспорттар, куәліктер және басқа да құжаттарды латын қарпіне ауыстыру;
Үшінші, 2024-2025 жылдары орталық атқарушы органдар мен жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік БАҚ, сондай-ақ білім беру ұйымдарының іс қағаздарын латын қарпіне көшіру..
Сондай-ақ, биыл Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы дайындалып жатыр. Бұл бағдарламаның басты мақсатының бірі – латын графикасындағы қазақ әліпбиін жаңғырту жұмыстарын жетілдіру.
Жоспарға сай, латын графикасы алғаш рет оқу орындары мен балабақшалар бағдарламасына енгізілмек, бұл туралы А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек те айтты:
"2021-2022 жылдары бастауыш сыныптар мен балабақшалар латын әліпбиіне көшеді. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін бұл процесс аяқталады. Оған дейін тіл қолданылатын барлық сала бір ғана латын графикасында жұмыс істейтін болады".
Облыстық тілдерді дамыту орталығының бөлім басшысы Әсел Бақытова болса, латын графикасының арнайы әдістемесі дайындалып жатқанын айтады:
"Қазіргі мақсат – қазақ тіліне негізделген латын графикасын үйрету. Бүгінде біз "Өрлеу" оқу-әдістемелік орталығымен бірігіп, ортақ меморандум жасастық. Меморандум шеңберінде "Өрлеудегі" 30 мұғаліммен бірге, орталық мамандарын жинап, 2 күндік 60 сағаттық оқу курсын өткіздік. Қазіргі таңда тілдерді оқыту орталығы 40 сағаттық латын графикасын үйрету, оқу, жазу дағды қалыптастыратын бағдарламалар легін жасап, дайындап жатыр".
Қазірдің өзінде латын графикасына дайындық аймақтық деңгейде жүріп жатыр. Мысалы Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы балаларға арналған телебағдарламаларды жарыққа шығарып жүр. Орталық бастамасымен көпшілікке арналған "Төрлет, төл әліпби!", "Қош келдің, жаңа әліпби!", "Жаңа әліпбиді бірге үйренейік!" сияқты жобалар ұсынылып жатыр.
Латын графикасын әліпбиге енгізу – Қазақстанның қазіргі әлеуметтік, рухани, тарихи әлеуетіне зор әсер етпек. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Жарлық қабылдағанда "2025 жылға қарай іс қағаздарды, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек", – деп латын графикасының қазіргі қазақ тілі мен қоғамына қаншалықты маңызды екенін білдерген еді.
Елбасымыздың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында да латын графикасын қабылдап қана қоймай, оны үйрету, бұқаралық сипат алуына қатысты жұмыстарға да баса назар аудару керек екенін аңғаруға болады: "2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет".
Қазіргі таңда латын графикасының жоспарына сай жүзеге асып жатқан жұмыстар біршама, ал оның барынша сапалы, жүйелі жүргізілуі үшін қазіргіден екі есе көп шаралар қолға алынып, аймақтық Тіл басқармалары жас бүлдіршіндер мен оқушыларға арналған танымдық-ақпараттық насихатты көбейтуі тиіс.