- Негізгі бет
- Рухани жаңғыру
- Ауыл кітапханаларына кітап...
Ауыл кітапханаларына кітап өткізу акциясы басталды
Қазақстанда "Ауылыма кітап" республикалық қайырымдылық акциясы басталды. Аталмыш акцияны ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы", "Рухани жаңғырту" қазақстандық қоғамдық даму институтының Отбасы институтын зерделеу орталығы қолға алған.
Шара отбасы күніне орай ұйымдастырылып отыр. Ауылына, оның мәдени тыныс-тіршілігіне бей-жай қарамайтын кез келген азаматтың қатысуына жол ашық. Үйінде елге қажет деп тапқан кітапты ауылының кітапханасына әкеп өткізе алады. Қайырымдылық акциясы 16 тамыз бен 21 қыркүйек аралығында жалғаспақ.
Шараға коммерциялық ұйымдар мен бастамашыл топтар да атсалысса болады.
Ауыл кітапханаларына заманауи кітаптар, балалар әдебиеті қажет. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген кітаптар ауадай қажет. Қағаз кітаппен бірге электронды кітапты да қоса әкелуге болады. Мұның бәрі бала мен жасөспірімнің рухани дамуына, тұлға болып қалыптасуына жан-жақты септігін тигізбек.
Сондай-ақ акцияға орталық мемлекеттік органдар - министрліктер де атсалыспақ. Акция шеңберінде 18 министрліктің бәрі кітап қоры жеткіліксіз ауыл мен аудан кітапханаларына қол ұшын бермек. Жергілікті жерлерде акцияны іске асыру үшін әкімдіктермен бірге “Рухани жаңғыру” өңірлік жобалық кеңселері тартылған.
- Мұндай акцияны жыл сайын өткіземіз. Соның арқасында ауылдағы кітапхана қорына 3 мыңнан астам кітап қоры жиналды, - дейді ШҚО, Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауылының кітапхана қызметкері Күлпаш Балтабаева.
Жиналған кітаптарды "Рухани жаңғыру" жобалық кеңесінің өзіңізге таяу орналасқан кеңсесіне әкелуіңіз қажет. Ал кітаптардың электрондық нұқасын jakupova@cisc.kz поштасына жібере аласыз.
Қ. Слямбек