"Ауыл – Ел бесігі" жобасы қалай жүзеге асып жатыр?

Елімізде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Hұp Отан" партиясының XVIII съезінде берген тапсырмасына сәйкес 2019 жылдан бастап "Ауыл – Ел бесігі" жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту мақсатында қолға алынған. Бүгінде жоба аясына бөлінген қаржы игеріліп, ел игілігі үшін қыруар жұмыстар атқарылуда.

Бұл жобаның шеңбері 6,9 миллион адам немесе ауыл халқының 89%-ы тұратын 3561 перспективалы ауылды қамтиды. 2019-2020 жылдары ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жол картасын, "Нұрлы жол" және "Нұрлы жер" бағдарламаларын ескере отырып, сомасы 618 миллиард теңге болатын 12 мың жоба іске асырылды.

"Ауыл – Ел бесігі" жобасы шеңберінде атқарылған жұмыстар:

- 3561 перспективалы ауыл айқындалды. Онда еліміздегі ауыл халқының 89%-ы тұрады;

- 1173 тірек ауыл таңдалды;

- 2388 серіктес ауыл іріктелді;

- Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 1225 жоба іске асырылды;

- 5,2 мың шақырым инженерлік желілер жаңғыртылды;

- Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту саласында 2218 жоба жүзеге асты;

- 234 фельдшерлік пункт, амбулатория мен емхана, 1213 мектеп пен балабақша, 596 клуб пен мәдениет үйі және кітапхана, 175 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен спорт залдары салынды және жөнделді;

Алдағы 5 жыл ішінде жобаны қаржыландыру көлемі 800 миллиард теңгеге дейін ұлғаяды. Ал жалпы барлық қаржы көздерін қоса алғанда ауылдарды көркейту мен жаңғырту үшін 1,3 триллион теңге жоспарланған.

2025 жылға қарай еліміздегі ауылдық мекендер 100% сумен қамтамасыз етіледі. Ауыл іштеріндегі 10 мың шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 12 мың км инженерлік желі, бірнеше мың әлеуметтік инфрақұрылым объектілері салынып, жөнделеді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылады.

АӨК саласында 4,5 трлн теңге сомасына 1 мыңға жуық жоба іске асырылатын болады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады, қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есе артады. 1 млн ауыл тұрғыны өз табысын арттырады, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орны құрылады.

Жақында ғана өткен Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин "Ауыл – Ел бесігі" жобасының іске асырылу барысын қарап, арнайы бақылауды тапсырды. Алдағы уақытта орталық мемлекеттік органдардың басшылары ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды жаңғырту барысын бақылау мақсатында өңірлерге инспекциялық сапарларды бастайды.

"Ауыл – Ел бесігі" жобасының іс-шараларын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасын едәуір жақсартады және ауылдарды дамытуға жаңа серпін береді", —  деді А. Мамин.

Жобаны жүзеге асыру жұмыстары бойынша Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары жобаларды іске асырудың төмен қарқынын көрсетуде.