2018 жылдың 21 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласы "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" ұлттық бағдарламасының жалғасы ретінде қазақ руханияты мен мәдениетіне, қоғамдық әлеуеті мен дәстүрінің жаңғыруына зор серпіліс берді. "Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы", - деген еді Елбасы өз мақаласында. Стратегиялық шешімдер мен бағдарламалар халық назарына ұсынылғаннан кейін, Қазақстанның түкпір-түкпірінде республикалық, аймақтық деңгейдегі іс-шаралар ұйымдастырыла бастады. Сондай республикалық деңгейдегі жобалардың бірі – "Киелі Қазақстан" салт аттылар экспедициясы.
Аталмыш экспедиция мақсаты – атқа міну мәдениетін насихаттап, Қазақстанда атты туризмді дамыту. Жоба "Рухани жаңғыру" бағдарламасы мен Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласындағы атқа міну мәдениетін жаңғыртуға елеулі үлес қосады. "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында: "Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дəуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен əскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты", – делінген. Сол арқылы бүгінгі жаһандану заманында да ата кәсіп пен көлікті жаңа деңгейге шығаруға үндегендей. "Автокөлік қозғалтқыштарының қуаты әлі күнге дейін аттың күшімен өлшенеді. Бұл дәстүр – жер жүзінде салт аттылар үстемдік құрған ұлы дәуірге деген құрметтің белгісі. Біз әлемнің барлық түкпіріне ежелгі қазақ жерінен тараған осынау ұлы технологиялық революцияның жемісін адамзат баласы ХІХ ғасырға дейін пайдаланып келгенін ұмытпауға тиіспіз", - деген "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласының үзіндісін дәйек ететін болсақ, ат мәдениетінің дамуына, бөлек бір құбылыс болып қалыптасуы үшін осындай экспедициялардың үлесі орасан болмақ.
Аталмыш идеяны дамытып, жастар арасында атқа міну мәдениеті мен ішкі туризмді дамыту мақсатында 21 маусым күні "Киелі Қазақстан" салт аттылар экспедициясы қолға алынды. Ерекшелігі сол экспедиция бастан-аяқ ат үстінде өтеді. Экспедиция құрамында 30 шақты қатысушы бар. Олардың 11-і атпен жол жүреді. Салт аттылар күніне 60 шақырымнан жүріп өтті. Ол үшін қазақ аттары таңдап алынған. "Неге нақты қазақ аттары таңдалды десеңіздер, басқа аттар мұндай ұзақ жүріске шыдамауы мүмкін", – деген еді ұйымдастырушылар.
"Kazakh Tourism" ҰК" АҚ төрағасының орынбасары Сәдуақасов Қайрат аталған экспедиция арқылы жұрт назарын Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарына назар аудартып, туристер сұранысын орындауға қатысты біраз мәселені көтермек.
"Киелі Қазақстан” экспедициясының мақсаты атты туризмді дамыта отырып, жаңа туристік бағыттарды, орындарды ашуға үлес қосып, туған жерімізді зерттеу болды. Сондай-ақ, экспедиция барысында жиналған материалдар арқылы Қазақстанның туристік дестинация ретінде танылуына және халықты ішкі туризмге тартуға үлес қосу.
Экспедицияның бағдары былай болды: Нұр-Сұлтан қаласы – Приречное ауылы – Қарағайлы археологиялық кешені – Соколиные горы (Бұйратау ҰТП) – Балықты ауылы – Алғабас ауылы – Белодымовский кордон, Қараағаш (Бұйратау ҰТП) – Әлкей Марғұлан аауылы – Қарабұлақ ауылы – Теңдік ауылы – Семізбұға ауылы – Шалқар ауылы –Бұхар Жырау кесенесі – Жаңатілек ауылы – Егіндібұлақ ауылы – Баянауыл – Жасыбай көлі (Баянауыл ҰТП) – Нұр-Сұлтан қаласы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инаугурация рәсімінде: “Рухани жаңғыру бағдарламасында көрсетілген құндылықтар біздің басты рухани бағдарымыз болып қала береді. Тарихқа құрметпен қарау, Отанға адал болу, ғылым мен білімге деген ұмтылыс – мұның барлығы біздің халқымыздың бойындағы асыл қасиеттер. Қазақстанды болашаққа бастайтын – жастар. Сондықтан бұл бағдарламаны жас ұрпақты тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет", – деген болатын. Ендеше аталмыш бастама жастар тәрбиесі ісіне де зор үлес қосқан, рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған көп шараның бірі де бірегейі.
Экспедицияға қатысушылар қатарында сапарға арнайы АҚШ-тың Чикаго штатынан келген қонақ пен Испаниядан келген трэвел-блогер бар. Америкалық қонақ осы экспедицияға орай бір ай бұрын келіп, дайындалған. Өйткені, күніне 50-60 шақырым атпен жүру үлкен физикалық дайындықты талап етеді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей экспедициядағы 30 адамның 11-і атпен жүрсе, қалғаны көлікпен жүрген. Себебі, жол жүруге аттанған кәсіби фотографтар, видеографтар, туроператорлар мен трэвел-блогерлердің бәрі кәсіби шабандоз емес. Күніне 50-60 шақырым жүріп, он күн бойы жүру біраз дайындықты қажет ететіні сөзсіз. Сонымен қатар, лагерь құруға керек заттар, ат әбзелдері мен жолға қажет жүктің бәрі осы машиналардың ішінде болды. Автокөлікпен шыққан экспедиция мүшелері сәл қиналғандарын жасырмады. Себебі қапырық ыстықта көлік бұзылып, иен далада байланыс болмай, сапар оқтын-оқтын үзіліп отырған.
Сапар барысында экспедиция мүшелерін Қарабұлақ ауданының әкімі Қайыргелдиев Оразгелді қарсы алды. Әкім экспедицияны қолдап, шабандоздар қатарына қосылды да, 5 шақырымдай жерді Теңдік ауылына дейін бірге жүріп өтті. Экспедиция мүшелерін ауыл тұрғындары киіз үй ішінде қонақ етіп, қазақы дәстүрмен жол жүріп келе жатқан аттыларға дастарxан жайып, ән айтып, би билеп қарсы алды. Одаг кейін шабандоздар мен экспедицияның өзге де мүшелеріне Мұса Шорманұлының мұражайы таныстырылды.
Қатысушылар Алматы облысындағы Ыссық, Аюлы сарқырамасы, Түрген өзені, Шыңтүрген шыршалары, Қайрақ сарқырамасы, Ой-Қарағай шатқалы сияқты бағдарларды еңсерді. Сапарға шыққан топ Дон-Жайлау шатқалы, Ассы үстірті, Қара-Арша шатқалы мен Аманжол шатқалы мен асуын жалғайтын жаңа салт атты бағдарларға жол ашып берді. Экспедицияның соңғы нүктесі 12 шілде күні Қайыңды өзені болды.
"Киелі Қазақстан 2019" экспедициясының бағыты Алматы облысына алғаш келген қонақтардың көңілінен шыққаны сөзсіз. Салт аттылар туры соңғы кезеңде тағы 3 күнге созылды. Қонақтар Көлсай көлдері, Қайыңды және Түрген шатқалына келіп, табиғат аясында болып қайтты. Үстірт, жайлау, асулар фотографтар үшін таптырмас орын болды", - дейді экспедиция мүшесі әрі туроператор Ирина Жаркова.
"Киелі Қазақстан" салт аттылар экспедициясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты туризм индустриясы Комитетінің бастамасымен өтті. Сондай-ақ ұйымдастырушысы ретінде "Kazakh Tourism" ҰК қатысып, Сарыарқа бағыты бойынша маршрутты жасап және экспедицияны "QazaqGeography" РҚБ бастап отырды.