- Негізгі бет
- Рухани жаңғыру
- Алтын адамның табылғанына...
Алтын адамның табылғанына 50 жыл толды
“Алтын адам,
Алтын адам…
Адам жоқ!
Алтын қалған жарқыраған”.
Мұқағали Мақатаев.
Осыдан 50 жыл бұрын Алматы облысы Есік қаласының солтүстігіндегі есік өзенінің жағалауынан дүмпуі дүйім елге жеткен жаңалық – “Алтын адам” табылған болатын. Академик Досмұхамед Кішібеков: “1969 жылы Алматы облысының Есік қаласына жақын жерден бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген “Алтын адам” табылды. Бұл, әлем ғалымдарының пікірінше, Египеттегі Тутанхамоннан кейінгі екінші үлкен ғылыми жетістікке жататын жаңалық еді”, – деген еді. Алтын адамды “Қазақстандық Тутанхомон” деп атау үрдіске айналды. Елбасы өзінің “Ұлы даланың жеті қыры” мақаласындағы “Алтын адам” бөлімінде: “Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Біздің бабаларымыз әлі күнге дейін өзінің асқан көркемдігімен тамсандыратын аса жоғары деңгейдегі көркем дүниелер жасаған. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады. Сонымен бірге бұл жаңалық Дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті”, – деген еді.
Алтын адам табылғандағы сурет. ©kazanreporter.ru
Алтын адам қалай табылды?
Алтын адам 1963 жылы Есік көлінің маңындағы ауылды су шайып кетеді де, орнына 1969 жылы автобаза салынбақшы болады. Ол жерде обалар көп болғандықтан құрылысшылар алдымен археологтардан рұқсат алуы керек еді. Ал рұқсат беру үшін Кемел Ақышев арнайы адамдар жіберген. Осы мәселе бойынша Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы арнайы тексеру жұмыстарына барғанда шеттегі оба көзге ерекше түседі. Бұл туралы Алтын адамды тапқан Бекмұханбет Нұрмұханбетұлы: "1969 жылы Кемал Ақышевтің тапсырмасымен Айтбек Амандықов екеуіміз зерттеу жұмыстарын бастадық. Алғашында қорғанның тұтас аумағын қоршап, тең жартысын қаздық, онымыздан түк шықпады. Бір жылдан кейін қазба жұмыстарын қайта жалғастырдық. Айлар бойы айтарлықтай ештеңе таппағанымызға қынжылдым. Бірақ түйсігімнің түбінде бір ой мені осы жерден жібермей тұрғандай сезімде болдым. Әбден кетуге айналғанымызда бульдозермен тағы бір түрткіздік. Осы заматта бульдозердің тұмсығы бөренеге тірелді. Бұл оба екі құдықтан сәл қиыс шетте, үлкен қорғанның бір жақ жанында жатыр екен", – дейді.
Алтын адамның жасы қаншада?
Есік көлі маңында 40-тан астам оба болған. Сақ жауынгерінің обасының биіктігі – 6 метр, диаметірі – 60 метр. Алтын адамның жасын ғалымдар зерттеп: "16-20 аралығындағы жауынгер, қаған не бір патшаның ұлы не қызы, беделді адам болған" - дейді. Себебі ханзада алтынмен апталған киімінен 4 мың теңге, қорымынан алтын, күмістен соғылған ыдыстар табылған. Қорған б.з.б V-IV ғасырларда соғылған.
©novostivmire.com
Алтын адам киіміндегі аң стилі
Алтын адам киміндегі әшекейлер ежелгі бабаларымыздан мұра болып қалған "аң стилінде" жасалған. Әшкейлерде барыс, бұлан, таутеке, арқар, ат, түрлі құс бейнелерін береді. Ханзаданың бас киімі шошақ бөрікті (70 см). Мойнында алқа болған. Көйлегі, көкірек тұсы алтын тоғалармен қапталған, беліндегі белбеуге 16 тоға жапсырылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: "Бұл ретте, аң стилі бабаларымыздың айрықша жоғары өндірістік тәжірибесі болғанын көрсетеді. Олар оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, соның ішінде, мыс пен қоладан балқымалар жасаудың және құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген. Жалпы, "аң стилі" феномені әлемдік өнердегі биік белестердің бірі саналады", – деп ата-баба зергерлік бұйымдарын жоғары бағалайды.
©kazanreporter.ru
Алтын адам әйел ме еркек пе?
Бұл әлі күнге дейін шешімін таппаған жұмбақ. Алтын адамды тарихшы Еділ Ноянов ханшайым деп есептейді. Оның сөзінше, алтын адамның бойы – 165 см. Оның мойнында алтын алқасы, бір құлағында сырғасы болған. Басындағы бас киімінің биіктігі – 70 см, сәукелеге ұқсайды.
Ал белгілі жазушы, түркітанушы Тұрсын Жұртбай Алтын адамды үйсін тайпасының ханзадасы деп есептейді. Ертеректе берген сұхбатында бұл туралы: "Үйсіндер – батыс өңірдегі ең құдіретті мемлекет, олардың 120 мың түтін, 188,8 мың сауытты әскері болған. Елжау бидің 10 ұлы болған, соның тақ мұрагері етіп белгілеген тұңғыш баласы 22 жасында қайтыс болады. Кейін әкесі қайтыс болғанда осы ұлының жанына жерленген. Ал Ақышевтің зерттеулерінде Алтын адамның мүрдесінің жанында тағы бір көсемнің мүрдесі болғаны жайлы айтылады. Жалпы дәстүр бойынша әрбір тұлға дара көмілуі керек. Басындағы қорған да жеке болуы керек. Жас ханзаданың әуел басында тұрғызылған қорғаны жеке болған, кейін екінші тұлғаны жерлеуінен кейін біріктіріп, үлкен қорған тұрғызылған", – деген дәйек келтіреді.
Басқа да ғалымдар мен тарихшылардың пікірі екіге жарылған.
©sputniknews.kz
Алтын адамның есімі
2014 жылы Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы Археология және этнография институтының қызметкері Заур Гасанов Алтын адаммен бірге табылған ыдыстарды зерттеп, зерттеуі туралы қорытындыны Эхо басылымына жариялады. Гасановтың пікірінше, "Алтын адамның" Сыңлы деген мәртебесі хунну императорына тиесілі әйгілі құдіретті қылыш – "Чинг-лу" атауына сәйкес келеді. Ғалым Алтын адамның есімі "Сыңлы" дейді.
Ыдыста: "Dört bul küz Sınglıyı ır - "Dünyanın dörd (küncü) tərəfindəki tayfalar Sınqlıya nəğmə qoşur", Uş yüz yığ anta ıçır - "Üç yüz ağlar gözlü and içir" деп жазылған. Мағынасы: "Дүниенің төрт бұрышынан Сыңлы тайпасы жырлайды. Үш жүз жоқтаушы ант-су ішеді".
Т. Раушанұлы