– Бұл жәдігер жеке үйдің ауласынан табылды. Медет Қағазбекұлы атты ауыл тұрғыны маусым айының басында соқамен жер жырту кезінде кездейсоқ тауып алған. Соқасына іліккен қара қазанның бұрынғы формасы сәл бүлінген.
Жәдігер табылғаннан кейін бұған құда түсушілер көбейіп кетті. Қомақты қаржы ұсынып, сатып алуға ниетті адамдар көп хабарласты. Қазанды күзетіп отырудың өзі қиынға соқты. Негізі, бұндай тарихи мұралар қазақ жерінен жиі табылады. Алайда, тарихи бұйым жинайтын коллекционерлер, әсіресе шетелдік коллекционерлер бұл мұраларды сатып алып кетеді.
Аталған тарихи бұйым табылғаннан кейін, түрлі ұсыныстар түскен соң, біз дереу арада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, мән-жайды түсіндірдік. Президент бұл жаңалыққа бірден жауап қатып, мұраны мемлекеттік Есік музейіне қабылдауға бұйрық берді. Тарихи жәдігер осылайша мемлекеттің қорғауына алынды.
Енді нақты зерттеу жұмыстары басталады. Талшықты экспертиза жасалып, металдың құрамы анықталады.
Тарихи мұрамызға бей-жай қарамай, қол ұшын созып, жанашырлық танытқаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Есік мемлекеттік музейінің ұжымына, мекеменің музейтанушы маманы Досым Зікірияға алғыс білдіреміз.
Тоғызбұлақтан табылған қазанның биіктігі – 53 см, тереңдігі – 36 см, диаметрі – 55-58 см, ернеуінің ені – 3 см, ернеу қалыңдығы – 0,5-0,8 см, таған биіктігі (қиылған конус пішіндес қуыс таған) – 17 см, тағанның кеңейтілген төменгі бөлігі – 23,5 см, жіңішкеріп келетін жоғарғы тұсы – 15 см, таған қабырғасының қалыңдығы – 5-8 мм, тұтқа (құлақ) өлшемі – 14х6 см.
Қуыстағанға орналасқан қола қазанның бүйірі сыртқа шығыңқы, дөңес күйінде құйылған. Қазанның бүйірінде екі жағынан доға пішіндес, жұмыр тұтқалар сәл көлбеу бұрышпен орнатылған. Ол тұтқалардың біреуі бүтін, қазанға орнатылған күйінде сақталса, екіншісі тұтқаның бір бөлшегі ғана табылды. Қазан табаны шұңқырлау. Қазанның ішкі және сыртқы бүйірлерінен құю кезінде пайда болған екі қалыптың түйіскен тұсында пайда болған жік көрінеді. Мұндай жік екі тұтқаның қазан бүйіріне жанасқан тұсынан және тағанның қазанның түбіне жанасқан тұсынан да байқалады. Ернеуі сыртқа қарай сәл қайырылып, көлбеулеу орналасқан. Әзірге болжам бойынша қазан тұтастай құйылған деп есептеліп отыр. Кейіннен бір бүйірінде жаңа ай тәріздес 19х13 см жарық пайда болған және ол екі тұстан (сырты мен ішінен) қоламен жамалған.
Осыған ұқсас қуыс тағанды және әртүрлі өлшемдегі қазандар осы уақытқа дейін Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданынан (1936, 1953, 1956 жж), Алматы қаласынан (1930, 1956, 1977, 1984 жж), Қырғызстаннан (1901, 1905, 1908 жж) табылған. Алайда, "Тоғызбұлақ қазаны" тәуелсіздік кезеңінде Жетісудан алғаш рет табылып отыр және көлемі мен пішіні жағынан алдыңғы табылғандарға ұқсай бермейді.
Жоғарыда айтылып өткен кездесейсоқ олжалардың бәрі де б.з.д. V–III ғғ. деп мерзімделеді.
Осыған дейін қола қазандардың 80-ге жуық түрлері табылса олардың арасында үш тағанды қазандардың үлесі басым, ал мұндай қуыс тағанды қазандардың үлесі аздау боп келеді.
Осыған дейінгі қол жеткен археологиялық деректерге сүйене отырып, қуыс тағанды қазандардың таралу аймағы Алматы облысы және Қырғызстанның Ыстықкөл аймағы, мүмкін ҚХР-ң Шыңжаң аймағы деп айта аламыз.