Қазіргі қоғамда NEET санатындағы жастар тобы бар. Бұл ұғым кейінгі жылдары көбірек айтылғанмен, ондай жастардың бұрыннан бар екені жасырын емес. Сонымен NEET жастар деген кімдер?
Ғылымда NEET термині ағылшын тіліндегі "Not in Empoloyment. Education or Training" ұғымының бас әріптерінен құралған. Қазақ тіліне аударсақ "не жұмыс істемейтін, не оқымайтын, не өзге де істермен айналыспайтын адам" дегенді білдіреді.
NEET жастар – XX ғасырдың соңына қарай пайда болған мәселе. Бұл мәселені Ұлыбритания алғаш болып көтерген. Ал жастардың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған мемлекеттік сараптаумен Бүкілелемдік банк айналыса бастауы, мұның әлемдік деңгейдегі күрделеніп кеткен мәселе екенін көрсетіп отыр.
Бүгінгі таңда елімізде NEET санатындағы 237 мың жас оқу да оқымайды, жұмыс та істемейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы өз Жолдауында айтты. Ал жақында жұрт назарына ұсынылған "Ұлттық рухани жаңғыру" жобасында осы санаттағы жастардың үлесін 5%-ға дейін төмендету міндеті қойылып отыр. Бұл туралы ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ОКҚ өткен брифингте жобаның негізгі бағыттары туралы баяндағанда тоқталды.
"NEET санаты деп аталатын жастарды қолдау жөніндегі шараларға ерекше назар аударғым келеді, онда біз жұмыспен қамтылмаған жастардың санын 5%-ға дейін төмендетудің нақты міндетін қоямыз. Осылайша, 2025 жылға қарай жастардың мемлекеттік қолдау шараларына қанағаттану деңгейі 80%-ға дейін артады. Бұл ұлттық жоба аясында жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстың негізгі бағыттары ғана. Мен айтып өткендей, оны жүзеге асыру үшін үш министрліктің күші жұмылдырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізіледі", — деді А. Балаева.
2018 жылы ҚР Үкіметінде жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту жөніндегі жол картасының жобасы мақұлданған. Бүгінге дейін орасан жұмыстар атқарылып келеді. Жол картасы бойынша үш түрлі жас мөлшерінде жастарды қамту жоспарланған: кіші жас тобы — 18-ден 22 жасқа дейін, орта жастағы кіші топ — 22-ден 24 жасқа дейін, ересек жастағы кіші топ — 25-тен 29 жасқа дейін. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың маңыздыларын атап өтсек, "Дипломмен ауылға", "Серпін" жобасы, "Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік білім беру" бағдарламасы, "Жас кәсіпкер", жастар ресурстық орталықтарының қызметі және т.б. Бұл жобалар NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру ісінде маңызды рөл атқарып келеді. Ал "Ұлттық рухани жаңғыру" жобасында да бұл мәселенің қолға алынуы шын қуантады.
Осыған дейін ҚР Қоғамдық даму министрлігінің ұсынысы бойынша Қазақстандағы NEET жастар 7 санатқа бөлінді:
1. білімі, белгілі тәжірибелік дағдылары бар, бірақ оқуды және жұмыс істеуді жалғастыруды қаламайтын біреудің асырауындағы адамдар;
2. жасөспірім балалары бар жас келіншектер және жалғыз басты аналар, соның ішінде ерте ана болған жас келіншектер;
3. еркін табыс табуды қалайтын, кездейсоқ жұмыстар арқылы ақша табатын фрилансерлер;
4. білімі нашар, біліктілігі және тәжірибесі жоқ, қосалқы шаруашылыққа жұмылдырылған ауыл жастары;
5. оқуды жалғастыруды қалайтын, бірақ мүмкіндігі жоқ күнкөрісі төмен отбасыдан шыққан мектептің түлектері, жетімдер;
6. денсаулығы нашарлығынан жұмысқа орналасуда қиындықтары бар мүмкіндігі шектеулі адамдар;
7. бас бостандығынан шектеу орындарынан босап шыққан, есірткілік және алкогольдік тәуелділігі бар, оңалтудан өткен жастардың бейәлеуметтік тобы.
NEET жастардың пайда болу себебін объективті, субъективті және жеке тұлғалық тұрғыдан қарастыруға болады. Ең басты әсер ететін фактор – өскен ортасы, отбасы, қоғам, достар, туысқандар. Сонымен қатар көп жағдайда ата-ана балаларын тым сезімталдықпен өсіреді. Баланың өз бетімен қимылдауына мүмкіндік бермейді. Тұрмыстық жағдай болса да бала оны өзі жасаса немесе ата-ана баламен бірге отырып орындаса, бала кез келген нәрсенің қадірін біліп өседі және жауапкершілік сезінгеннен кейін қоғамдық өмірге жеңіл жол түзей алады.