"Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасын жүзеге асыру үшін 2017 жылы "Ұлттық аударма бюросы" құрылған болатын. Жоба аясында тарих, философия, социология, психология, антропология, мәдениеттану, дінтану, лингвистика, инновация, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, кинотану, театртану салалары бойынша әлемнің үздік университеттерінде оқытылатын 100 оқулық таңдалып, қазақ тіліне аударылып жатыр. Бүгінде 48 оқулық аударылып, жоғары оқу орындарына, кітапханаларға таратылды. 2019 жылдың соңына дейін тағы 30 кітап қазақ тіліне аударылмақ. Қалған 22 кітап 2020 жылы толық аударылып, жоба аяқталады.
Қазіргі уақытқа дейін аударылған кітаптар 10 мың данамен басылып, Қазақстандағы 130 оқу орнының игілігіне айналып отыр. Соның бірі – кеңестік және эстониялық әдебиеттанушы, мәдениеттанушы, семиотик ғалым Юрий Лотманның "Семиосфера" еңбегі. 100kitap.kz сайтындағы анықтама бойынша, бұл оқулықты М.Ломомносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университеті, Оксфорд, Стэнфорд, Кэмбридж, Гаврвард, Принстон, Колумбия, Йель университеттері пайдаланады.
Оқулықты қазақ тіліне аударған – Ахмет Байтұрсынұлы Білім Академиясының директоры, әдебиеттанушы ғалым Ұлан Еркінбай. Аудармашы Massaget порталына "Семосфера" еңбегінің артықшылығы, оның оқырманның ғылыми кеңістігіне ықпалы және қазақ тіл білімі саласының мамандары мен мәдениеттанушыларына берер пайдасы туралы айтып берді.
– Юрий Лотманды белгілі семиотик ретінде танимыз. Семиотиканы зерттеген өзге авторлар еңбегімен салыстырғанда Лотман еңбегінің артықшылығы неде?
– Жалпы семиотиканы таңбалар жүйесі туралы ғылым деп білеміз. Семиотиктер, әдетте, бүкіл жаратылысты таңбалар жиынтығы деп қарайды. Сөз де бір таңба, өмір де бір таңба, мәдениет, ауа, жер, ақиқат бәрі-бәрі өз алдына бір таңба. Әлбетте, бұл ғылым жоқ жерден пайда болған жоқ. Көне ойшылдар мұның алғышарттарын сөз қылған болатын. Таңбаның табиғатын діни, сонымен қатар материалистік тұрғыдан қарастырған алыптар да болды. Алайда, бұл мәселені ғылым ретінде жүйеге түсірген ғалымдар қатарында әуелі Ч.Пирсті, содан соң Ф.Соссюр мен Ч.Морристі атауға болады. Кейіннен мұны түрлі мазмұнда тереңдете қарастырғандардың қатарында Барт, Якобсон, Леви-Стросс, Греймас, Дерида сынды басқа да зерттеушілерді ерекшелеп атауға болады. Аталған ғалымдардан Лотман ізденісінің басты ерекшелігі ғалымның семиотиканы ең әуелі мәдени код ретінде, яғни мәтінге айналған мәдени қатынастар, ақпараттар ағыны ретінде қарастыруы деп пайымдаймыз.
– Кітапты аударып отырып, автордың қандай теориялық жасампаздығын, ғылыми жаңалығын байқадыңыз?
– Бұл еңбегінде Юрий Лотман семиотика теориясы мен методологиясын, семиосфера құрылымы мен ерекшеліктерін нақты мысалдармен, типологиялық талдаулармен түсіндіріп береді. Еңбек сонысымен құнды. Талдаулар тарихи дәйектермен, көбіне әдеби мәтін сюжеттерімен бекітіліп отырады. Осы еңбегі арқылы ол Мәскеу–Тарту семиотика мектебінің негізін салушы ретінде әлемге танылды. Автор осы еңбегінде тілдердің жойылып кетпеуі мен үнемі қолданыста болуы үшін қажет қарым-қатынастардың мәдени негіздеріне ой жүгіртеді. Семиотика кеңістігін түгелдей бүтін бір жүйе немесе ағза ретінде қарастыруды ұсынады. Сонымен қатар семиосфераны сипаттайтын белгілерді, олардың қызметін, семиотикалық процестер мен семиозис құбылысын түсіндіріп өтеді. Лотман мәдениет және тіл, мәдениет және мәтін, мәдениет және тарих, мәдениет және ақпарат, мәдениет және мәтін функиясы, мәтін мен тарих, мәтіннің тарихи заңдылықтары деген күрделі қарым-қатынастарды арнайы қарастырып, олардың түп негізін қозғайды. Бұл біздің жалпы оқырманның ғылыми кеңістігіне айрықша оң ықпал тигізеді деп ойлаймын.
– "Семиосфера" оқулығы қазіргі қазақ тіл біліміне, мәдениеттануына қалай әсер ете алады?
– Ең алдымен, қазақ тілі болсын, өзге де тілдер болсын, тіл теориясы тұрғысынан алғанда барлығының болмысы бір. Бұл өз алдына тарам тарам күрделі мәселе. Ал Лотман бұл тұрғыда тілдер табиғатын әрі күрделі қатынас жүйесі әрі адамзаттың мәдени жады тұрғысынан қызықты салыстырулар негізінде қарастырады. Мәдениет те өз кезегінде, тек мәдениет шеңберінде емес, мәдениеттен тыс кеңістікті тану арқылы зерделенеді. Бұл өте қызық пайым. Қазақ тіл білімі саласының мамандары мен мәдениеттанушылары үшін Лотман ұсынған категориялар ең алдымен пәнді мағыналық кеңістік және пәнаралық қатынастар әлемі ретінде қарастыру мүмкіндігі дер едім.
Үміт Әнесова – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Филология және әлем тілдері факультетіндегі Қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы. Ол "Семиосфера" оқулығы факультет студенттері оқитын "Қазақ, ағылшын тілдеріндегі символдардың тілдік ерекшеліктері", "Семиотика: Қазақ және ағылшын тілдеріндегі символдар және сөздіктердің құрылымы" сияқты пәндер үшін аса маңызды дейді.
"100 жаңа оқулық" жобасы аясында аударылған оқулықтар қатарында Юрий Лотманның еңбегі енгенін оң шешім деп бағалаймын. Себебі семиотикаға қатысты бар пәндерде семиосфера, семиотикалық процестер, семиозис құбылысын меңгеру керек. Ол үшін Лотманның "Семиосферасын" бұған дейін тек орыс тіліндегі нұсқасы қолданылды. Бұған қоса кітап бойынша түсірілген видеокурс та студенттер игіліне жарайтыны сөзсіз", - дейді Үміт Әнесова.
Еске салайық, "Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық" жобасы аясында Қазақстанның Ашық Университеті онлайн-платформасында кітаптардың негізінде видеокурстар да жарық көріп жатыр.