- Негізгі бет
- РИО-2016
- Риоға Қазақстаннан қанша...
Риоға Қазақстаннан қанша спортшы барады?
5 тамыз күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары басталады. Бұл додада еліміздің намысын 104 спортшы қорғайтын болды.
Рио-де-Жанейрода қазақстандық спортшылар жетінші рет Олимпиада ойындарына қатысады. 2012 жылы Лондонда өткен бәсекеден кейін әлем жұртшылығы Қазақстан құрамасының да қарымы жайлы сөз ете бастаған-ды. Енді қазақстандық спортшылар Ұлыбританиядағы жетістікті Бразилияда жалғастыра білсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақстан құрамасы Рио Олимпиадасына 110 жолдама жеңіп алуды жоспарлаған еді. Дегенмен қазақстандық спортшылар 108 жолдамаға ие болды. Алайда жарақатына байланысты Михаил Кукушкин мен Юлия Путинцева (теннис) Олимпиада ойындарына бармайтын болды. Ал екі жолдаманы Халықаралық ауыр атлетика қауымдастығы (IWF) допинг дауына байланысты кері қайтарған-ды.
Бразилиядағы додаға баратын 104 спортшы 26 спорт түрі бойынша бақ сынайтын болады. Атап айтар болсақ, бокстан ерлер толық құрамда (10 боксшы) қатысады. Сондай-ақ қыздар арасындағы бокста да екі спортшымыз бар. Еркін күресте – 5, грек-рим күресінде – 3, әйелдер арасындағы күресте 4 балуанымыз боз кілемге шығатын болады. Велоспорттан – 3, көркем гимнастикадан – 1, акробатикадан – 1, академиялық ескек есуден – 2, байдарка мен каноэ есуі бойынша – 11, кедергілерден өту спортынан – 1, дзюдодан – 6, жеңіл атлетикадан – 26, жүзу спортынан – 3, синхронды жүзуден – 2, бессайыстан – 2, садақпен оқ атудан – 2, нысана көздеуден – 5, таеквондодан – 3, теннистен – 2, үстел теннисінен – 1, ауыр атлетикадан – 8, семсерлесуден 1 спортшы жарыс жолына шығады.
Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына алғаш рет 26 спорт түрі бойынша қатысқалы жатыр. Осыған дейін 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадаға 22 спорт түрі бойынша қатысқан еді.
Айта кетейік, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындары 5-21 тамыз аралығында өтеді.
О. Сансызбай