- Негізгі бет
- РИО-2016
- Риодағы Олимпиада ойындары...
Риодағы Олимпиада ойындары өтетін басты спорттық нысандар
Бірер күннен кейін төрткүл дүние асыға күткен Бразилиядағы жазғы Олимпиада ойындары да басталады. Дүбірлі дода алдында жарыстар өтетін басты спорттық нысандарды таныстыра кеткенді жөн санап отырмыз.
«Маракана» стадионы
Әйгілі «Маракана» стадионы Олимпиада ойындарына орай жөндеу жұмыстарынан өтті. Мұнда Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаты, футболдан ерлер арасындағы финалдық кездесу өтеді.
Жоао Авеланж атындағы олимпиадалық стадион
60 000 адам сиятын бұл спорттық нысанда бірнеше футбол ойындары мен жеңіл атлетикадан барлық жарыстар өтеді.
Мария Ленк атындағы су орталығы
6 500 көрермен кіре алатын стадионда биіктіктен суға секіру, синхронды жүзу мен судағы поло спорты бойынша жүлделер сарапқа салынады.
Су спорты аренасы
Бұл спорттық нысанда жүзу мен судағы поло бойынша Олимпиада жеңімпаздары анықталатын болады.
Ұлттық нысана көздеу орталығы
Бұл спорттық нысанда нысана көздеу спорты бойынша жүлделер сарапқа салынады.
Кедергілерден өту спортына арналған стадион
Спорттық стадионға келгендер кедергілерден өту мен каноэ және байдарка есу спорттары бойынша жеңімпаздарды көре алады.
Ұлттық ат спорты орталығы
Бұл спорттық нысан бірнеше ипподромдардан тұрады. Мұнда ат спортының түрлері бойынша жүлделер таратылады.
Олимпиадалық теннис орталығы
Спорт нысаны аты айтып тұрғандай, теннис ойындарын қабылдайды. Үш корттан тұрады. Негізгі кортқа 10 000-ға жуық көрермен сияды.
Рио олимпиадалық велодромы
Велотректен жарыстар өтетін бұл спорттық нысанға 5 000 жанкүйер кіре алады.
Ұлттық хоккей орталығы
Көгалдағы хоккей спорты бойынша жарыстар екі алаңда өтеді. Негізгі алаңға - 10 000, екінші алаңға 5000 жанкүйер кіре алады.
«ВМХ» олимпиада орталығы
Бұл спорттық нысанда маунтинбайк спорты бойынша жарыстар өтеді.
Резерва ди Марапенди
Бұл спорттық алаңда гольф спорты бойынша жарыстар өтеді. Бұл спорт түрі Олимпиада ойындарының бағдарламасына 100 жылдан кейін барып еніп отыр.
Самбодром
30 000 жанкүйер сиятын спорттық нысанда нысана көздеу мен марафон жарыстары өтеді.
Барра олимпиада паркі
Барра олимпиада паркінде бірнеше спорттық ареналар мен алаңдар орналасқан. Мұндағы спорттық нысандарда гимнастика, бокс, дзюдо, таеквондо, семсерлесу, гандбол, баскетбол, үстел теннисі және ауыр атлетика спорттары бойынша медальдар сарапқа салынады. Сондай-ақ бұл спорттық нысандардан Родриго-ди-Фрейташ өзені де аса алыс емес. Онда академикалық ескек есу мен байдарка және каноэ спорттары бойынша спортшылар сынға түсетін болады.
Олимпиадалық қалашық
Рио Олимпиадасына 10 000-нан аса спортшы қатысады. Олар олимпиадалық қалашыққа орналасқан.
О. Сансызбай