Сіз білесіз бе? Бір спортшы бір Олимпиадада бірнеше медаль иеленуі мүмкін. Ол әсіресе суда жүзу, гимнастика, нысана көздеу, ескек есу, суға секіру мен жеңіл атлетика спорттарында көптеп кездеседі. Олай болса, ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында ең көп жүлдеге ие болған спортшылар жайлы біле жүріңіздер.
Олимпиада тарихында ең көп жүлде алған спортшы – Майкл Фелпс. Әйгілі жүзгіш Риода да алдына жан салған жоқ. Жекелей сында 14-ші медалін иеленіп, ежелгі грек олимпшісі Леонид Родосскийдің 2000 жыл бұрынғы жетістігін басып озды. Бразилиядағы додада АҚШ құрамасының қоржынына 5 алтын 1 күміс медаль салды. 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде ғана сингапурлық Джозеф Скулингке жол беріп алды. Ал оның өзі Майкл Фелпсті пір тұтатынын жасырған жоқ.
Майкл Фелпс – Олимпиада тарихына атын алтын әріптермен жазған спортшы. Ол 2004 жылдан бергі Олимпиада ойындарында жалпы саны 23 алтын 3 күміс 2 қола медаль жеңіп алған. Оның жетістігі жақын арада жаңарады дегенге сену қиын. Риодағы додадан кейін спортшы мансабын аяқтамақ.
Рио Олимпиадасында Майкл Фелпстан кейін ең көп жүлде алған спортшы – Кэти Ледеки. Ол да Майклдың отандасы. Суда жүзу спорты бойынша 4 алтын 1 күміс медаль жеңіп алды. Лондонда 1 алтын 1 күміс иеленген болатын.
19 жастағы спортшы Майкл Фелпстың рекордын жаңартуды мақсат тұтады. Ол Риода 400 метр мен 800 метрге еркін жүзуде әлем рекордын жаңартты. 400 метрді 3 минут 56,46 секундта, 800 метрді 8 минут 04,79 секундта жүзіп өтті.
ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында ең көп жүлде алғандардың үштігіне енген спортшы да – америкалық. Ол – Симона Байлз. Риода Олимпиаданың жабылу салтанатында АҚШ құрамасының Туын алып шыққан спортшы. Спорттық гимнастикада 4 алтын 1 қола медаль иеленді.
Риодағы додада үздіктердің қатарынан табылған спортшылардың бірі – венгр қызы Катинка Хоссу. Суда жүзу спорты бойынша 3 алтын 1 күміс медаль иеленді.
Венгриялық жүзгіш Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында 400 метр қашықтыққа кешенді жүзуде әлемдік рекордты жаңартып, алтын медальға ие болды. Ол бұл қашықтықтықты 4 минут 26,36 секундта бағындырды. Осыған дейін бұл рекорд 4 минут 28,43 секунд нәтижесімен қытайлық Е Шивеньге тиесілі болып келген еді. Сондай-ақ Катинка 400 метр қашықтыққа жүзуде де рекорд орнатты. Ол бұл қашықтықты 4.26,36 минутта жүзіп өтті.
Бразилиядағы бәсекеде 4 спортшы 3 алтыннан алды. Олар – Усейн Болт (Ямайка, жеңіл атлет), Джейсон Кенни (Ұлыбритания, тректегі велоспорт), Данута Козак (Венгрия, байдарка мен каноэде ескек есу) және Райан Мерфи (АҚШ, суда жүзу).
Усейн Болт үш Олимпиадада да (Пекин, Лондон, Рио) 100, 200 және эстафеталық сында алдына жан салған жоқ. Нәтижесінде 9 рет Олимпиада чемпионы атанып, ең көп жеңіске жеткен жеңіл атлеттер Пааво Нурми (Финляндия) және Карл Льюиспен (АҚШ) теңесті. Бірақ олардан басты айырмасы, ямайкалық желаяқ Олимпиада ойындарында бірде-бір рет жеңілген жоқ. Ол 2017 жылғы әлем чемпионатынан кейін спорттық мансабын аяқтамақ.
Джейсон Кенни (тректегі велоспорт) Риодан 6 дүркін Олимпиада чемпионы болып қайтты. Нәтижесінде отандасы Крис Хоемен көрсеткіші теңесті.
Венгрия құрамасының (8 алтын 3 күміс 4 қола) жалпыкомандалық есепте 12-орын алуына ең көп септігін тигізген спортшылардың бірі - Катинка Хоссу болса, екіншісі – Данута Козак. Байдарка мен каноэде ескек есуден Данута үш рет Олимп шыңына көтерілді.
Риода жұлдызы жанған спортшылардың бірі – америкалық Райан Мерфи. 21 жастағы спортшы 100 және 200 метрге шалқалай жүзуде Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ 4х100 сынында да жеңіс тұғырынан көрінді.
Риода ең көп жүлде алған спортшылардың ондығына америкалық жүзгіштер Мануэль Симеоне (2 алтын 2 күміс) мен Мадлен Дирадо (2 алтын 1 күміс 1 қола) еніп отыр.
Рио Олимпиадасында ең көп жүлде алған 20 спортшының рейтингі
Спортшылар Алтын Күміс Қола Барлығы 1 USA Майкл Фелпс (Суда жүзу) 5 1 0 6 2 USA Кэти Ледеки (Суда жүзу) 4 1 0 5 3 USA Симеоне Байлз (Спорттық гимнастика) 4 0 1 5 4 HUN Катинка Хоссу (Суда жүзу) 3 1 0 4 5 JAM Усейн Болт (Жеңіл атлетика) 3 0 0 3 5 GBR Джейсон Кенни (Тректегі велоспорт) 3 0 0 3 5 HUN Данута Козак (Байдарка мен каноэде ескек есу) 3 0 0 3 5 USA Райан Мерфи (Суда жүзу) 3 0 0 3 9 USA Мануэль Симеоне (Суда жүзу) 2 2 0 4 10 USA Мадлен Дирадо (Суда жүзу) 2 1 1 4 11 USA Эллисон Феликс (Жеңіл атлетика) 2 1 0 3 11 JAM Элейн Томпсон (Жеңіл атлетика) 2 1 0 3 13 USA Натан Эдриан (Суда жүзу) 2 0 2 4 14 GBR Макс Уитлок (Спорттық гимнастика) 2 0 1 3 15 USA Тианна Бартолетта (Жеңіл атлетика) 2 0 0 2 15 GER Себастянь Брендель (Каноэде ескек есу) 2 0 0 2 15 ITA Никколо Камприани (Нысана көздеу) 2 0 0 2 15 KOR Чхан Хе Джин (Садақпен нысана көздеу) 2 0 0 2 15 CHN Чэнь Айсэнь (Суға секіру 2 0 0 2 15 CHN Дин Нин (Үстел теннисі) 2 0 0 2