Рио Олимпиадасына Қазақстаннан 12 балуан барады

5-21 тамыз аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында төрткүл дүние асыға күткен Олимпиада ойындары өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының қоржынында 80-нен астам жолдама бар.

Қазақстан құрамасы күрес түрлері бойынша Олимпиада ойындарына 12 жолдама жеңіп алды. Оның көпшілігі Астанада өткен іріктеу турнирінде бұйырды. Ал Улан-Батор (Моңғолия) мен Стамбулда (Түркия) өткен іріктеу жарыстарында қазақстандық балуандар жолдамаға ие бола алған жоқ.

Соңғы екі Олимпиадамен (Бейжің мен Лондон) салыстырғанда, Қазақстан құрамасы күрес түрлері бойынша аз жолдамаға ие болып отыр. Мәселен, аспан асты елінде өткен додада ел намысын 16 балуан қорғаса, Лондон боз кілемінде 15 балуан жарыс жолына шыққан еді. Ал 1996 және 2000 жылдары күрес түрлері бойынша Қазақстан Олимпиада ойындарына 11 балуанмен, 2004 жылы Афиныға 12 балуан барған.

Күрес түрлері бойынша Қазақстан құрамасы өзі қатысқан 5 Олимпиадада 14 медальға қол жеткізген. Оның 1-і – алтын, 4-і – күміс, қалған 9-ы қола жүлде. Жалғыз алтын медальды 1996 жылы Атлантада өткен додада Юрий Мельниченко жеңіп алған. Одан бергі аралықта жеңіс тұғыры қазақстандық спортшыларға бұйырмай келеді. Бәлкім, Риода бұйырып қалар.

Грек-рим күресі бойынша қоржында үш жолдама бар. 59 келіде Алмат Кебіспаев, 75 келіде Досжан Қартықов, 130 келіде Нұрмахан Тінәлиев барады. Үшеуі де тәжірибесі мол, тіс қаққан балуандар. Алмат пен Нұрмахан Олимпиада ойындарына екінші рет қатысқалы отыр. Ал Досжан алғаш рет төртжылдықтың додасында бақ сынамақ.

Еркін күресте ел құрамасы 5 жолдама иеленді. 57 келіде Артас Санаа, 74 келіде Ғалымжан Өсербаев, 86 келіде Аслан Кахидзе, 97 келіде Мамед Ибрагимов және 125 келіде Дәулет Шабанбай барады. Балуандардың ішінде Дәулеттен өзгелері алғаш рет Олимпиада ойындарына жолдама алып, қатысқалы отыр.

Әйелдер күресі бойынша Олимпиадаға Жұлдыз Ешімова (48 келі), Екатерина Ларионова (63 келі), Эльмира Сыздықова (69 келі) мен Гюзель Манюрова (75 келі) жолдама алды. Гюзель - Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері. Жұлдыз да Олимпиада ойындарына екінші рет қатысқалы отыр.

Өкінішке орай, Лондон Олимпиадасында қола жүлдегер атанған балуандар Ақжүрек Таңатаров пен Даниал Гаджиев Рио Олимпиадасының жолдамасына ие бола алмады.

Алдағы уақытта massaget.kz порталы Олимпиада алдындағы соңғы жаңалықтарымен бөлісіп, ақпарат таратып отыратын болады. Өзге спорт түрлері бойынша да ақпараттар мен қызықты деректерді жариялайтын боламыз. Бізбен бірге болыңыздар!