Өзбекстан құрамасының сапында белдесетін қазақ балуаны Елмұрат Тасмұратов Риодағы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанды.
Грек-рим күресінен 59 келіге дейінгі салмақта күресетін Елмұрат жартылай финалда Олимпиада чемпионы атанған кубалық Молино Борреродан 1:3 есебімен жеңіліп, қола медаль үшін күресте қырғыз Арсен Ералиевтен 13:8 есебімен басым түсті.
Елмұрат Тасмұратов ОҚО-дағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт интернатының түлегі. Азияның үш дүркін чемпионы, әлем чемпионатында екі мәрте қола жүлде иеленген. Ал осы салмақта еліміздің намысын қорғаған Алмат Кебіспаев осымен екінші Олимпиадасында жүлдесіз қалды. Ол жұбаныш белдесуінде норвегиялық балуанға есе жіберіп алды.