- Негізгі бет
- РИО-2016
- Мырзағали Айтжанов: Левиттің...
Мырзағали Айтжанов: Левиттің қарсыласы менен кешірім сұрады
Риода өтіп жатқан Олимпиада ойындарынан кейін бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов , боксшыларымыздың жекпе-жектегі айқастары туралы пікірін білдірді.
- Мырзағали Құланұлы, бүгінгі шаршы алаңға шыққан боксшылар туралы айтып берсеңіз...
- Біздің боксшылар елді ұялтып жатқан жоқ. Барлығы тапсырманы ойдағыдай орындап жатыр. Бірінші ретте Олжас Сәттібаев туралы айтайын.
Олжастың қалай бокстасқаны бүкіл әлемге аян. Ол қарсыласынан еш кем түскен жоқ. Өз басым бапкер ретінде нық сеніммен айта аламын. Сәттібаев қарсыласынан ұтылған жоқ. Ол ұтты. Қыли көз төрешілер жеңісті алып қойды. Біз төрешілермен айғайласуға құқымыз жоқ. Сәттібаевқа өте обал болды. Ол негізі бәрін жасап еді.
- Шағым түсіруге болар еді ғой. Егер сенімді болсаңыздар...
- Болар іс болып кеткен соң басыңды тасқа ұр, тауға ұр ештеңе өзгермейді. Осыдан-ақ, ойын басталып кеткенін байқауға болады.
- Ал Жәнібек Әлімханұлы да осылай төрешілердің құрбаны болды ма?
- Қазақта "Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді" деген әдемі сөз сөз бар. Бүгінгі боксшыларымызға тура солай төрешілер ұятсыздық жасады. Жәнібек құрамадағы болашағы жарқын боксшылардың бірі еді. Оны да көпсінген болар, жарыс жолынан тайдырып салды. Жәнібек мойнына Олимпиаданың алтынын тағып тұрса да, жарасатын жігіт болатын.
- Данияр Елеусіновтің финалға өтуі сізге қаншалықты қуаныш сыйлады?
- Даниярдың қарсыласы өте мықты. Мықтыны мықты деп мойындауымыз керек. Данияр қарсыласының әлеуетін жақсы білетін. Сондықтан, бірінші раундтан бастап жақсы жұдырықтаса білді. Өкінішке қарай екінші раундта екі боксшының бастары соқтығысуынан Даниярдың қабағы жарылып кетті. Бұл Олимпиада ойындары ғой. Сондықтан, әр боксшы жеңіс үшін әр түрлі құйтырқы әрекеттерге барады. Қарсыласы Даниярды баспен сүземін деп, өзі жарыс жолынан шығып қалды. Мұндай әрекетке бармауы керек еді. Ақырына дейін айқасып, өзара мықтыны өздері шешкенде дұрыс болар еді. Төрешілер оған жарыста рұқсат етілмеген әрекеттерге барғаны үшін жеңісті біздің боксшыға берді. Бізге негізі Даниярдың ақырына дейінгі айқасы керек болатын.
- Дәрігерлердің жекпе-жекті ары қарай жалғастыруға рұқсат етпегеніне қарағанда Даниярдың маңдайының жарақаты ауыр болған сияқты...
- Иә, маңдайы қақ ортасынан жыртылып кетті. Қазір жергілікті дәрігерлер жіппен тігіп, қолдарынан келген барлық көмектерін көрсетті. Даниярға ертең бір күн демалыс. Арғы күні финалда алтын үшін айқасуы керек. Егер дәрігерлер жұдырықтасуға рұхсатын беріп жатса, алтын үшін аянып қалмасы анық. Бұйырса, мүмкіндікті қолдан бермейді деп сенем.
- Бүгінгі басты дода Левиттың жекпе-жегіне арнайы тоқталып өтіңізші. Жеңіс кімге тәуелді?
- Левит жарады! Барлық тапсырмаларды ойдағыдай орындады. Бірақ, біз алтын күткеміз. Ол сол үмітті ақтады. Үш раунд бойы қарсыласын бұрыштан бұрышқа қуып жүріп сабады. Осындай ел көріп тұрған жеңісті төрешілер қарсыласына беттері бүлк етпестен күшпен, зорлықпен алып берді. Өздеріңіз көрдіңіздер, Риодағы барлық спорт жанкүйерлері біз жақта болды. Төрешілер соқыр болса да, халық соқыр емес қой. Кімнің жеңімпаз болғанын олар көрді, білді. бізге қолдау көрсетті. Төрешілерге қарсылығын білдіріп, айғай-шуға басты. Бірақ, құлағы керең, көзі соқыр адамға не істей аламыз. "Соқыр тауыққа бәрі бидай" деген осы болар. Жаңа маған келіп, Левиттің қарсыласы кешірім сұрады. Ол өзінің жеңілгенін біліп тұр. Ол маған жеңілісін мойындағанымен әлем алдында мойындағысы келіп тұрған жоқ. Себебі, оған "Левиттің соққысынан құлап қалмасаң болды. Сүйретіліп қалсаң да ақырына дейін шыда. Жеңісті біз саған алып береміз" деген тапсырма болғаны анық көрініп тұр. Ол сол үшін қанша соққы алса да шыдады. Үшінші раундта кішкене жарақатын көрсетіп, демалып алуға тырысты. Сол арқылы ол жекпе-жекті ақырына дейін өйтіп- бүйтіп жүріп жеткізді. Егер ол өтірік үзіліс алмағанда сөзсіз құлайтын еді.
- Мүндай жағдай бұрындары да Олимпиада ойындарында кездесті ма?
- Дәл осындай өрескел қылықты осыған дейін кездестірген емеспін. Бәрін АИБА есеппен істеп отырғаны айқын көрінді. Сондай-ақ, әрбір мемлекет өздері үшін қалай жұмыс жасап жатқанын осыдан көруге болады. Біздің жігіттер күйіп кетіп жатыр. Соңында қайталап айтарым, біздің боксшылар елді ұялтып жатқан жоқ. Тек, әділетсіздіктің құрбаны болып жатыр.
- Әңгімеңізге рахмет!
Дереккөз: inform.kz
Е. Жұмабайұлы