- Негізгі бет
- РИО-2016
- Мырзағали Айтжанов: Боксшыларымыздың...
Мырзағали Айтжанов: Боксшыларымыздың ендігі жекпе-жектері өте қиын болады
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов Риодағы боксшыларымыздың ендігі жекпе-жектері өте қиын болады, деп мәлім етті.
"Бүгін шаршы алаңға төрт боксшымыз шығып, төртеуі де қарсыластарын ұтып, ары қарай жарыстарын жалғастыратын болды. Бүгінгі төрт боксшымыз да жақсы бокстасты. Тапсырмаларымды ойдағыдай орындады. Жігіттердің жеңістеріне разымын. Бірақ, ендігі жекпе-жектері өте қиын болады. Себебі, әлсіздер жарыстардан шығып қалды. Енді кілең іріктелген мықтылар қалды. Сондықтан, бізді нағыз айқастар енді күтіп тұр", - деп тап өтті бас бапкер.
Сондай-ақ, өзінің қол астында жаттығатын жігіттер де осал емес екенін айтты.
"Біздің жігіттер де осал емес. Әрқайсысының өз орындары бар. Міне, бүгін Василий Левит финалға қиналмай жетті. қазірдің өзінде қолында Олимпиаданың медалі бар. Бірақ, чемпион атану үшін тағы бір жақсылап тер төгуі керек. Басқа жігіттер де солай. Терін төгіп отырып, жұдырықтаспаса, жүлдеден қағылады. Бәріне тапсырма ортақ. Алға қойған мақсатқа жету үшін барымызды саламыз", - деді Айтжанов.
Қазақстан құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медальмен бүгін жалпыкомандалық есепте 16-орында келе жатыр.
Еске сала кетейік, жарыстың алғашқы күнінде дзюдодан ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Елдос Сметов ел қоржынына күміс жүлде салса, 48 келіге дейінгі салмақта әйелдер арасында жарысқа қатысқан Отгонцэцэг Галбадрах Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал үшінші медальді қоржынға ауыр атлет Фархад Харки салды. Ол ерлер арасындағы 62 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын. Олимпиаданың төртінші күні тағы бір ауыр атлет қызымыз Карина Горичева 63 келі салмақта төртінші медальді ел қоржынына салса, Олимпиаданың бесінші күні екі спортшымыз - ауыр атлет Ниджат Рахимов пен Дмитрий Баландин 200 метр қашықтыққа жүзуден екі алтынды жеңіп алды. Ал осы күні әйелдер арасында сынға түскен ауыр атлет қазақтың қызы Жазира Жаппарқұл күміс жүлдегер атанды.
Дереккөз: inform.kz
Е. Жұмабайұлы