- Негізгі бет
- РИО-2016
- Қырғыздар қоржынындағы қола...
Қырғыздар қоржынындағы қола жүлдесінен де қол үзіп қалды
Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында Қырғызстан құрамасы қоржынындағы қола жүлдеден де қол үзіп қалды. Бұл медальды иеленген ауыр атлет Иззат Артықов допинг пайдаланған болып шықты.
Лозаннадағы спорт істері бойынша төрелік ететін сот (CAS) 69 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленген спортшының қанынан допинг табылғанын хабарлады. Ол жарыс алдында спортта пайдалануға тыйым салынған «стрихнин» дәрісін қолданған. Нәтижесінде спортшының медалі қайтарылатын болды.
Риодағы Олимпиада ойындарында 69 келіге дейінгі салмақта алтын медаль қытайлық ауыратлет Ши Чжиюнға, ал күміс медаль Түркия спортшысы Данияр Исмаиловқа бұйырған болатын. Қырғыз спортшысының жүлдесі төртінші орын алған колумбиялық Луис Хавьер Москера Лозаноға берілетін болды.
Айта кетейік, бұл қола - Қырғызстан құрамасының қоржынындағы әзірге жалғыз жүлде болатын. Сондай-ақ қырғыз спортшысы Риода допинг қолданып, жүлдеден қол үзген алғашқы спортшы атанып отыр.
Тағы бір айта кететіні, қырғыздар Иззат Артықовқа өмір бойына төленетін 15 мың сомасындағы шәкіртақы тағайындап қойған екен. Сонымен қатар, үкіметтен оған алдағы төрт жыл бойында ай сайын төленіп отыратын 45 мың сом көлеміндегі шәкіртақы ұсынылған. Оның үстіне 3,5 миллион сом көлемінде сыйақы қарастырылған, ал бас бапкері мен жеке бапкері 875 мың сомнан алатын болған.
О. Сансызбай