Қазақстандық ескекшілер жүлделі орыннан көріне алмады

Қазақстандық ескекшілер жүлделі орыннан көріне алмады
Фото: vesti.kz

Бүгін Олимпиада ойындарының финалдық кезеңінде бақ сынаған қазақстандық ескекшілер жүлделі орыннан көріне алмады.

Байдаркада жұптық ескек есуден 500 метр қашықтықтағы сында Ирина Подойникова мен Наталья Сергеева жетінші болып келді. Олар аталған қашықтықты 1.48.361 минутта бағындырды. Бұл жарыста алтын медальды мажар елінің спортшылары Габриэла Сабо мен Данута Козак (1.43,687) иеленді. Күміс неміс ескекшілері Франциска Вебер мен Тина Дитцеге (1.43,738), қола поляк Каролина Найя мен Бета Миколайчикке (1.45,207) бұйырды.

Байдаркада ескек есуден жекелей сынның финалында жүлдеге таласқан Инна Клинова сегізінші орын алды. Ол 200 метрлік қашықтықты 41.521 секундта жүріп өтті.

Қазақстандық ескекшілер жүлделі орыннан көріне алмағанмен, финалдық кезеңде бақ сынағанын жоғары бағалауға болады. Себебі финалда тек үздік спортшылар жарыс жолына шығатыны сөзсіз.

О. Сансызбай