Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарын елімізде үш телеарна көрсететін болды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде «Kazsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин мәлімдеді.
5 тамыз күні басталатын жазғы Олимпиада ойындарын «Kazsport», «Хабар» және «Қазақстан» ұлттық арнасы көрсететін болады.
- Келіссөздер жүргізу қиын болды. Сондықтан да барлығы соңғы күндері белгілі болды. 220-дан астам көрсетілім таратылатын болады. Бұрын-соңды мұндай көрсетілім болған емес. Олимпиада ойындары кезеңінде «Kazsport» телеарнасы 24 сағат бойы жұмыс жасайды. Тәулігіне 15-17 сағат тікелей эфир болады. Көрермендер мүмкіндігі болса теледидарды тіпті сөндірмей көре алады (...) Бұл қазақстандық телевизияды тұңғыш рет болып отыр. Мұның барлығы «Kazsport» телеарнасының ашылуының арқасында. Біз қазақстандық барлық спортшылардың өнерін жарыс алаңынан көрсететін боламыз" – деді Павел Цыбулин.
Айта кетейік, 5-21 тамыз аралығында өтетін Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 104 спортшы 26 спорт түрі бойынша қатысады.