- Негізгі бет
- РИО-2016
- Қазақстан 11-орынға көтерілді...
Қазақстан 11-орынға көтерілді
Рио Олимпиадасының бесінші күні Қазақстан құрамасы үшін аса сәтті өтті. Ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте 11-орынға көтерілді.
Қазақстан құрамасының қоржыны 2 алтын 1 күміс медальмен толықты. Ауыр атлет Ниджат Рахимов пен жүзгіш Дмитрий Баландин Олимпиада чемпионы атанды. Жазира Жаппарқұл күміс медаль еншілеп, Олимпиада ойындарында тұңғыш рет жүлдегер атанған қазақ қызы болды.
Бокстан екі спортшымыз шаршы алаңға шықты. 91 келіге дейінгі салмақта Василий Левит жартылай финалға шықты. Енді отандасымыздың еншісінде кем дегенде қола жүлде бар. Ал Біржан Жақыпов өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовтан жеңіліп, доданы ширек финалда аяқтады.
Қазақстандық нысана көздеушілер Рашид Юнусметов іріктеу кезеңінде 13-ші, Владимир Исаченко 36-орыннан көрінді. Ал садақ атудан Луиза Сайдиева 1/32 финалда украиналық Анастасия Павловадан ұтылды.
Семсерлесуші Илья Мокрецов 1/16 финалдан аса алмады. Ол Дэрилл Гомерге 11:15 есебімен ұтылды. Ал велоспортшы Андрей Зейц жекелей сында 24-орын алды.
Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде 2 алтын 2 күміс 3 қола медаль бар. Ал бес күннің қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте АҚШ құрамасы көш бастап келеді. Олардың еншісінде 11 алтын 11 күміс 10 қола медаль бар. Екінші орынға 10 алтын 5 күміс 8 қоламен Қытай құрамасы орналасса, үштікті Жапония құрамасы (6 алтын 1 күміс 11 қола) түйіндеп тұр.
О. Сансызбай