Бокстан 56 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын отандасымыз Қайрат Ералиев Рио Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде әзірбайжандық боксшы Джавид Чалабиевті айқын жеңді. Нәтижесінде 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатында кеткен есесін қайтарды.
Қос боксшы арасындағы жекпе-жек тартысқа толы басталды. Әзірбайжан боксшысы бірінші нөмірмен жұдырықтасуға тырысты. Қайрат қорғаныста жүріп қарсыласын дәл соққыларымен қарсы алды. Тәжірибесі мен ұстанған жүйесін ойдағыдай орындап, өзіне сенімді жұдырықтасты. Джавид Чалабиевтің соққылары ауа қармаумен болды. Қазақстандық боксшының шаршы алаңдағы ширақ қимылы мен шапшаңдығы барша жанкүйерлерді бір серпілтіп тастағаны анық. Нәтижесінде төрешілер 2:1 (28-29, 29-28, 29-28) есебімен отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды.
Қайрат Ералиев ширек финалда өзбек боксшысы Муроджон Ахмадалиевпен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек 15 тамыз күнгі Астана уақытымен түнгі сағат 03:15-ке жоспарланған.