Аса ауыр салмақта бақ сынайтын қазақстандық боксшы Иван Дычко Риодағы Олимпиада ойындарының ширек финалына шықты. Отандасымыз 1/8 финалда әзірбайжан боксшысы Магомедрасул Меджидовты техникалық нокаутпен жеңіп, Алматыда кеткен есесін қайтарды.
Қазақстандық боксшы жекпе-жекті барынша сақ бастады. Қорғаныста жүріп, қарсыласының қателігін күтумен болды. Орайы келгенде жойқын соққыларымен қарсы алды. Бірінші раунд қорытындысы бойынша отандасымыз жеңіп шықты. Ал екінші раундта Иван Дычконың соққысы тура тиіп, әзірбайжан боксшысы жарақат алды. Нәтижесінде дәрігерлер боксшының жекпе-жекті жалғастыруына болмайтынын айтып, кездесуді аяқтады. Отандасымыз техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Иван Дычко ширек финалда нигериялық боксшы Эфе Аджагбамен жұдырықтасатын болды. Ол 1/8 финалда Тринидад және Тобаго елінің боксшысы Найджел Полды нокаутпен жеңген болатын. Сондай-ақ, Африка ойындарының жеңімпазы.