Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин командаластары Александр Зайчиков пен Денис Улановты қолдау үшін Рио Олимпиадасына барады. Бұл туралы спортшының баспасөз қызметкеріне сілтеме жасап «Информбюро» сайты хабарлады.
Риодағы жазғы Олимпиада алдында допинг дауына іліккен Илья Ильин төртжылдықтың басты додасынан шеттетілген болатын. Ол енді командаластарына қолдау білдіріп, жанкүйерлік таныту үшін барады. 12 тамыз күні Денис Уланов, 15 тамызда Александр Зайчиков жүлдеге таласатын болады.
Құраманың бас жаттықтырушысы Алексей Ни екі спортшыны да алтын алады деп болжап отыр. Осыған дейін 1 алтын 1 күміс аламыз деп айтқаны тура келіп, Ниджат Рахимов пен Жазира Жаппарқұл бұл үмітті ақтаған еді.
Айта кетейік, допинг қолданды деп айыпталған Илья Ильин, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Владимир Седов пен Светлана Подобедова Рио Олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен айырылған-ды. Сондай-ақ Алмас Өтешов пен Ермек Өміртай 4 жылға, Жасұлан Қыдырбаев пен Фаина Сыбанбаева 8 жылға спорттан шеттетілген еді.