Қазақстандық балуан қыз Гюзель Манюрова Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Отандасымыз финалда канадалық спортшы Эрик Уибеге есе жіберіп алды.
Бірінші кезеңде канадалық спортшы 2:0 есебімен басым түсіп шықты. Екінші кезеңде отандасымыз намысқа тырысып, алға ұмтылғанмен, жеңіске жете алмады. Қарсыласы Гюзельдің айла-тәсілін орындатпай, қарсы шабуылда ұпай иеленіп кетті. Нәтижесінде 6:0 есебімен жеңген Эрик Уибе 75 келіге дейінгі салмақта Олимпиада чемпионы атанды.
Еркін күрестен әйелдер құрамасы Риоға зор дайындықпен барғандарын байқатты. Гюзель Манюровадан өзге Эльмира Сыздықова мен Екатерина Ларионова қола жүлдегер атанса, жеңіл салмақта Жұлдыз Ешімова қола жүлдеге таласта жеңіліп, бесінші орынды қанағат тұтты.
Айта кетейік, Гюзель Манюрова 2004 жылы Ресей құрамасы сапында Афины Олимпиадасында күміс жүлдегер атанған. Ал 2012 жылы Лондонда Қазақстан атынан шығып, қола медаль еншілеген еді.