Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасы елге оралды. Алматы әуежайынан түскен спортшыларды жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды. Әсіресе Рио төрінде күміс медаль иеленген Елдос Сметовке құрмет ерекше болды.
Дзюдошыларды күтіп алуға жиналғандардың қарасы көп болды. Олардың қатарында спортшылардың ата-анасы мен бауырлары, достары да бар. Сондай-ақ Елдос білім алатын қара шаңырақ ҚазҰУ-дың студенттері де келіп, қошемет көрсетті.
Күтіп алушылардың қатарында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев мырза мен Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов та болды. Одан өзге дзюдодан 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Асхат Жіткеевті, еркін күрестен 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуковты, «Қазақстан барысында» танылған дзюдошы Руслан Әбдіразақовты да көзіміз шалды.
Олимпиаданың күміс жүлдегері атанған Елдос Сметовтың ата-анасы ұлдарының жеңісіне дән риза екендіктерін жеткізді. Ал спортшының жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев финал алдында демалыстың аздау болғанын, әзірбайжан балуанына көбірек күш жұмсап қойғанын айтты.
Елдос Сметов ерекше құрметпен қарсы алған жанкүйерлеріне алғысын білдіріп, жеңісін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнайтынын айтты.
- Барша қазақстандықтарға алғысымды білдіремін. Жеңісімді Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Қазақстан халқы мен Елбасына арнаймын. Бұл - мен үшін ең қуанышты сәт, - деді спортшы.
Қазақстан құрамасының қоржынына алғаш болып жүлде салған Галбадрах Отгонцэцэг те жанкүйерлер назарынан тыс қалмады. Ол өзінің алғысын жанкүйерлерге шама шарқынша қазақ тілінде айтып жеткізді.
Жанкүйерлер ұлттық құраманың өзге спортшыларымен де естелік суреттерге түсіп, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі.