Рио Олимпиадасының алғашқы күнінде қазақстандық дзюдошылар қоржынға бір күміс, бір қола жүлде салды. Сенім артқан спортшылар үмітті ақтады.
Дзюдодан қазақстандық жанкүйерлер Елдос Сметов пен Галбадрах Отгонцэцэгке үлкен үміт артқан еді. Қос спортшы да бұл үддеден шыға білді. Тек чемпион атана алмағаны болмаса...
Елдос Сметов чемпион атана алмады деп ешкімді сөкпейміз. Бұйырғаны күміс болды. Оған да шүкір. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадада күміс алған Асхат Жіткеевтің жетістігін қайталады.
Отандасымыз үшін Олимпиада жеребесі қиын түсті деп айта алмаймыз. Жарысты екінші айналымнан бастады. Ливиялық қарсыласы Мохамед Елхависті айқын жеңіп шықты. Қарсыласының осал тұсын бірден аңғарып, оңтайлы сәтінде әдістің орайын келтірді. Ливиялық спортшы да өз жеңілісін мойындап қайтты.
Екінші айналымда Елдосқа ұлыбританиялық Эшли Маккензи қарсылас атанды. Отандасымыз қарсыласына күшін сарқа қолданған жоқ. Белдесудің аяқталуына бірер минут қалғанда әдісін сәтті жасап, юко ұпайын иеленді. Нәтижесінде осының өзі отандасымыздың жеңіске жетуіне жеткілікті болды.
Елдос Сметов ширек финалда ескі, әрі әккі қарсыластарының бірі өзбек Диорбек Урозбоевпен белдесті. Татамидегі тартыстың негізгі уақытында қос спортшы бір-бірінің осал тұсын таба алмай, тең түсті. Ал қосымша уақытта Елдос ширақ қимылдап, өзбек спортшысын сан соқтырды. Осылайша жартылай финалға шықты.
Жартылай финалда Елдосқа әзірбайжандық Орхон Сафаров қарсылас болды. Қос спортшы да алғашқы минуттардан бастап-ақ сақ жүрді. Оңтайлы сәтін күтумен болды. Өз мүмкіндігін бірінші болып Елдос пайдаланды. Әдісін толық жүзеге асыра алмағанмен, «вазза-ари» ұпайына ие болды. Ал соңғы минуттар әзірбайжандық спортшы үшін сынаптай сырғып өтсе, Елдос үшін, жанкүйерлер үшін өтпей қойғаны белгілі. Нәтижесінде отандасымыз төрешілер тарапынан бірнеше ескерту алды. Бұл ескертулер Елдостың финалға шығуына кедергі болған жоқ. Күміс – қолда, алтын – жолда болды.
Олимпиада алдында Елдостың қауқарлы қарсыластарының қатарына жапон балуандарын қосқан болатынбыз. Бірақ Рио татамиінде қазақстандық спортшыға «күншығыс елінің» спортшылары қарсылас атанған жоқ. Бұл салмақта үздік саналған Наохиша Таката ширек финалда грузин Амиран Папинашвилиге, Ким Вон Жин ресейлік Беслан Мудрановқа жеңілді. Ал сол Беслан финалда Елдосқа қарсылас атанды.
Финал өте тартысты өтті. Елдос пен оның жаттықтырушылары негізгі уақытта жеңіске жетуді көздегендей сыңай танытты. Себебі отандасымыз алғашқы минуттардан-ақ күшін сарқа салды. Белсенді қимылдап, алға ұмтылумен болды. Ал Беслан болса Елдосты шалып жықпақ болып, аяғын аздап жарақаттағанын да көрдік. Бірақ төрешілер ресейлік спортшыға ескерту жасаған жоқ. Негізгі уақыт тең аяқталды. Ал қосымша уақытқа күшін сақтаған Беслан Елдостың қапысын тауып кетті. Алғаш болып әдіс жасап, Олимпиада алтынын иеленді. Отандасымызға күміс медаль бұйырды.
Елдос ел сенімін ақтады. Намысты қолдан берген жоқ. Барын салды. Бұйырғаны күміс болды. Бірақ бұл медальдың өзі қазақстандық спортшыға оңай келген жоқ. Бұл жетістік – жылдар бойы төккен тер мен жинаған тәжірибенің жемісі. Олай болса Елдос пен қазақстандық жанкүйерлерді осы бір жетістікпен шын жүректен құттықтаймыз.