Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасының финалына шықты. Отандасымыз жартылай финалда француз боксшысы Сулейман Сиссоккомен жұдырықтасып жеңіске жетті. Қазақстандық боксшының абайсызда алған жарақаты жеңіске жетуіне кедергі болған жоқ.
69 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын ұлттық құрама капитаны жекпе-жекті аса сақ бастады. Қарсыласының қауқарын біліп барып шабуылға шықты. Отандасымыз бірінші раундта жеңіп шығып, екінші раундта жарақат алып қалды. Нәтижесінде төрешілер кездесуді тоқтатып, Даниярды жеңімпаз ретінде таныды. Себебі, бокс ережесіне сәйкес қазақстандық боксшы жарақатты қарсыласының дәл соққысынан алған жоқ. Ал мұндай сәтте жолдама сол уақытқа дейін жеңіске жетіп тұрған боксшының пайдасына беріледі.
Жарақат алған Данияр Елеусінов финалда өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен жұдырықтасады. Бұл жекпе-жек 18 тамызға жоспарланған. Ал отандасымыздың жарақаты қандай деңгейде екені әзірге белгісіз.