Бүгін түнде Риодағы жазғы Олимпиада ойындарында екі боксшымыз шаршы алаңға шығады. Бірі – 49 келіге дейінгі салмақтағы Біржан Жақыпов болса, екіншісі – Василий Левит (91 келі).
Қазақстандық боксшылар осыған дейін бір-бір жекпе-жектен өткізіп үлгерді. Жеңіл салмақтағы жерлесіміз намибиялық Матиас Хамуниелді ұтса, Василий қытайлық қытайлық боксшы Ю Венгкайды техникалық нокаутпен жеңген еді. Бүгін қос боксшыны тағы бір аса жауапты жекпе-жек күтіп тұр.
49 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Біржан Жақыпов 2005 жылдан бері ел құрамасының намысын қорғап келеді. Екі Олимпиада ойындарына қатысты. Риодағы доданы спорттағы соңғы жарысы санап отыр. Сондықтан отандасымыз осы бір додада топ жаруды мақсат тұтады. Өзге атақтары Біржанға жетерлік.
Біржан Жақыпов бүгін өзбек боксшысы Хасанбой Дусматовпен жұдырықтасады. Олар осыған дейін өзара үш рет шаршы алаңда жолыққан. 2013 жылы Астанада өткен халықаралық турнирде қазақ-өзбек боксшылары арасындағы текетірес өткен-ді. Сол текетірестің алғашқы жекпе-жегінде Біржан қарсыласына нокдаунмен жеңілген еді. Біржанның бапкерлері жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан. Ал сол жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында отандасымыз қарсыласынан есесін қайтарды. 1/8 финалда 3:0 есебімен ұтты. Араға бір жыл сала қос боксшы Алматыдағы «Президент кубогының» финалында кездесті. Бұл жолы Біржан 2:1 есебімен басым түсті.
Хасанбой Дусматов Олимпиада алдындағы сұқбаттарының бірінде 2013 жылы Біржанды жеңген жекпе-жегін ерекше атап, спорттық мансабындағы ірі жеңістерінің қатарына қосты. Біржанды жеңген кезде Хасанбой 19 жаста болатын.
Хасанбой Дусматов жылдамдығымен ерекшеленеді. Мұны Олимпиададағы алғашқы жекпе-жегінен де байқадық. Ал Біржан Жақыпов – Қазақстан ұлттық құрамасы сапындағы ең тәжірибелі боксшылардың бірі. Соңғы екі жекпе-жегінде өзбекті жеңген отандасымыз қарсыласының осал тұсын табады деген сенімдеміз.
Букмекерлік орталықтар өзбек боксшысын фаворит санап отыр. Оның жеңісіне – 1,6, Біржанның жеңісіне 2,2 коэффициент беруде.
Біржан мен Хасанбой арасындағы жекпе-жекте жеңіске жеткен боксшы жартылай финалға шығады. Бұл кезеңде колумбиялық Карлос Кипо мен америкалық боксшы Мигель Хернандес арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен жұдырықтасады.
Василий Левит Маврикий елінің боксшысы Кеннеди Сент-Пьерге қарсы жекпе-жекте айқын фаворит. WSB жобасында жарқын өнерімен көзге түскен отандасымыз қарсыластарына есе жібермей, Олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Ал Маврикий елінің боксшысы АРВ жобасына қатысқан.
Кеннеди Сент-Пьер өз еліндегі атақты боксшылардың бірі. Африкадаға халықаралық турнирлерде топ жарған. Глазгодағы «Достастық кубогындағы» додада алған күміс медалі – ең ірі жетістігі саналады. Олимпиадаға Маврикий елінен келген екі боксшының бірі. (Осыған дейін бұл елдің екінші бір боксшысы Мэрвен Клэр (75 келі) жарысты ерте аяқтаған еді).
Қос боксшымыздың жекпе-жегін түнгі сағат 02:00-ден бастап «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар. Біржан шаршы алаңға 13-ші, Василий 21-ші болып шығады. Отандастарымызға жарқын жеңіс тілейміз. Жартылай финалға шыққан боксшының еншісінде кем дегенде қола жүлде болады.