Шетелдік басылымдар ауыр атлетикадан 77 келіге дейінгі салмақта Олимпиада чемпионы атанған қазақстандық Ниджат Рахимовтың жарқын жеңісіне күдік келтіре бастады. Ол допинг қолданған болуы мүмкін деп жазуда.
Украинаның «replua» сайтының хабарлауы бойынша, қазақстандық спортшы допинг дауына іліккен. Оның бастапқы тапсырыс берген салмағынан 12 келі артық көтеруі күдік тудырған көрінеді. Олимпиаданы ұйымдастырушылар жақын уақытта Ниджат Рахимов қайта допинг-сынама тапсыратыны туралы хабарлаған. Спорт сарапшылары да осыған дейін бір рет допинг пайдаланып жарыстардан шеттетілген Ниджаттың жеңісіне күмәнмен қарауда. Ал қола медаль алған мысырлық Мұхамед Махмұд қазақстандық спортшының көрсеткішіне сенбей, допинг қолдануының арқасында алтын алды деп отыр.
- Ниджат Рахимов осындай қысқа уақытта нәтижесін бірден осыншалықты жақсартуы мүмкін емес. Ол үшін бірнеше рет допинг-сынама тапсыру керек. Сонда бәрі өзгеруі мүмкін - дейді Мохаммед.
Айта кетейік, Ниджат Рахимов 2013-2015 жылдар аралығында допинг қабылдады деп жарыстардан шеттетілген болатын.