81 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов Олимпиада ойындарының жартылай финалына шықты. Отандасымыз ширек финалда әзірбайжан боксшысы Тимур Маммадовты жеңді.
Әзірбайжан боксшысы Әділбекке қарсы қауқар таныта алған жоқ. Шаршы алаңда әр шабуыл сайын ширай түскен отандасымыз қарсыласының осал тұсын таба білді. Нәтижесінде төрешілер 3:0 (30-27, 30-27, 30-27) есебімен жеңімпаз ретінде қазақстандық боксшыны таныды.
Әділбек Ниязымбетов жартылай финалда ұлыбританиялық Джошуа Буатсимен жұдырықтасатын болды. Ол ширек финалда алжирлік Абдельхафид Беншаблоны жеңді. Ал оған дейін өзбек боксшысы Эльшод Расуловты нокаутпен тізе бүктірген болатын.