Қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды. Финалда кубалық боксшы Хулио Сесар Ла Крусқа есе жіберді.
Бірінші раундтан бастап қазақстандық боксшы қарсыласына қарсы бірінші нөмірмен жұдырықтасу жүйесін ұстанды. Ал "Бостандық аралының" боксшысы қаша жүріп жұдырықтасуды жөн санағанын алғашқы минуттардан-ақ байқатты. Әділбек кей шабуылдарын сәтті аяқтап, кей соққыларынан кубалық сытылып кетумен де болды. Нәтижесінде Хулио Сесар Ла Крус ұстанған айла-тәсіл жүзеге асып, жеңіске бастар жолды тауып кетті.
Төрешілер 3:0 есебімен (28-29, 28-29, 28-29) кубалық боксшыны Олимпиада чемпионы ретінде таныды. Барын салып жұдырықтасқан отандасымыз қарсыласына оңайлықпен есе жіберген жоқ.
Айта кетейік, 81 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын отандасымыз Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері атанып отыр. 2012 жылы Лондонда да Әділбек күміс алған еді. Ол кезде ресейлік Егор Мехонцевке есе жіберген болатын.
Әділбек Ниязымбетов Олимпиада ойындарында екі рет күміс медаль иеленіп, Болат Жұмаділовтің жетістігін қайталады. Болат Жұмаділов 51 келіге дейінгі салмақта Атланта және Сидней Олимпиадаларында күміс медаль жеңіп алған еді.