Әділбек Ниязымбетов: Ақтық сынға шығу үшін барымды салдым

Әділбек Ниязымбетов: Ақтық сынға шығу үшін барымды салдым
Фото: insidethegames.biz

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында бүгін шаршы алаңға шыққан 81 келідегі Әділбек Ниязымбетов жекпе-жектен кейінгі әсеріммен бөлісті.

«Ақтық сынға шығу үшін аянып қалған жоқпын. Өздеріңізде көріп отырдыңыздар. Буатси - қолайсыз қарсыластарымның бірі. Өзі де мықты боксшы. Сондықтан, бапкерлерімнің кеңесіне құлақ түріп, айтқандары бойынша жұдырықтастым», - деп атап өтті Ниязымбетов.

Осыдан бірер минут бұрын Әділбек Ниязымбетов Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, британиялық спортшы Джошуа Буатсиді ұтып, финалға өтті.



Британиялықтан ұпай санымен басым түскен маңғыстаулық спортшымыз енді 3 дүркін Әлем чемпионы, кубалық Хулио Сезар Ла Крусмен жұдырықтасады.

Финалдық кездесу 19 тамызда түнгі сағат 00:30-да (Астана уақыты) өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, Әділбек осыдан төрт жыл бұрын Лондон олимпиадасында да финалға дейін сүрінбей жеткен болатын. Міне, бүгін екінші рет Олимпиада ойындарының финалына жолдама алды.

Дереккөз: inform.kz

Е. Жұмабайұлы