Данияр Елеусінов – Олимпиада чемпионы!

Данияр Елеусінов – Олимпиада чемпионы!
Фото: Данияр Майлыбаев

Қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Рио-де-Жанейродағы ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы атанды. 69 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын отандасымыз финалда өзбек боксшысы Шахрам Гиясовты жеңіп, Қазақстан құрамасының қоржынына үшінші алтын медальды салды.

Жартылай финалда жарақат алған қазақстандық боксшы қорғана жүріп жұдырықтасатынын алғашқы минуттардан байқатты. Оңтайы келгенде қарсыласының осал тұсын табуға ұмтылды. Өзбек боксшысы бірінші нөмірмен жұдырықтасып, шабуылға қанша шыққанмен, Даниярдың қарымта соққылары қауқарлы шықты. Төрешілер 3:0 (29-28, 29-28, 29-28) есебімен отандасымызды жеңімпаз ретінде таныды.

69 келіге дейінгі салмақта қола медальды марокколық Мохаммед Рабии мен жартылай финалда отандасымыздан жеңілген француз Сулейман Сиссоко иеленді.

69 келіге дейінгі салмақта соңғы үш Олимпиада бойы қазақ боксшылары топ жарып келеді. 2008 жылы Пекинде Бақыт Сәрсекбаев, 2012 жылы Серік Сәпиев, Риода Данияр Елеусінов жеңіс тұғырынан көрінді. Тіпті, бұл қатарға 2004 жылы Афиныда өткен Олимпиада ойындарында чемпион атанған Бақтияр Артаевтың да жеңісін қоссақ болады. Бірақ ол кезде қазақстандық боксшы 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған еді.

Даниярдың қазақ еліне қуаныш сыйлаған жекпе-жегін мына сілтеме арқылы өтіп көре аласыздар.

О. Сансызбай