- Негізгі бет
- РИО-2016
- Ұлттық құраманың ең...
Ұлттық құраманың ең жас боксшысы жарыс жолынан шығып қалды
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының ең жас боксшысы Абылайхан Жүсіпов Рио Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тауып, жарысты аяқтады. Отандасымыз ұлыбританиялық Пэт Маккормактан жеңілді.
64 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын қос боксшы жекпе-жекті аса сақ бастады. Бір-бірінің қателігін күтіп, осал тұсын табуға тырысты. Дегенмен бірінші раундтардан бастап ұлыбританиялық боксшының шабуылда жылдамдығы байқалды. Абылайхан өзіне сенімді жұдырықтаса алмады. Әсіресе екінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласына көп есе жіберді. 19 жастағы отандасымызға тәжірибе жетіспегені анық. Үшінші раундта Абылай алға ұмтылғанмен, айласын асыра алмады. Нәтижесінде төрешілер 1:2 (27-30, 29-28, 27-30) есебімен Еуропаның вице-чемпионы Пэт Маккормакты жеңімпаз ретінде таныды.
Келесі кезеңге өткен Пэт Маккормак 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері кубалық Ясниель Толедомен жұдырықтасады.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Берік Әбдірахманов (60 келі) пен Біржан Жақыпов (49 келі) жарыс жолынан шығып қалған еді.
О. Сансызбай