Карина Горичева Олимпиаданың қола жүлдегері атанды

Карина Горичева Олимпиаданың қола жүлдегері атанды
Фото: vk.com

Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір қола жүлдемен толықты. 63 келіге дейінгі салмақта бақ сынайтын ауыр атлет Карина Горичева жүлдегер атанды.

Карина Горичева жұлқа көтеру жаттығуын 107 келіден бастап, алғашқы мүмкіндігін пайдалана алмады. Екінші мүмкіндігінде барып қана еңсерді. Ал үшінші мүмкіндігінде 111 келіні басынан асырып, жұлқа көтеру жаттығуын екінші орынмен аяқтады. Бірінші орында қытайлық Дэн Вэй 115 келімен аяқтады.

Серпе көтеру жаттығуын отандасымыз 132 келіден бастады. Карина бұл салмақты көтере білді. Ал екінші және үшінші мүмкіндігінде 137 келіні көтере алмады. Нәтижесінде қоссайыс қорытындысы бойынша 243 келімен Олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

63 келіге дейінгі салмақта қытайлық Дэн Вэй Олимпиада чемпионы атанды. Ол қоссайыста 262 келімен (115+147) әлем рекордын орнатты. Күміс КХДР спортшысы Хе Сим Чхвеге (105+143) бұйырды.

Ө. Сансызбай