ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары 2020 жылы Жапония астанасы Токиода өтеді. Ал 2024 жылғы Олимпиада ойындарын өткізуге 4 қала талас жүргізуде. Олардың ішінде Франция астанасы – Париж басты үміткер саналып отыр.
ХОК 2024 жылғы Олимпиаданы өткізу өтініштерін қабылдауды өткен жылдың күзінде аяқтаған болатын. Өтініштерді қабылдау кезеңі бойынша 5 қала тіркеуден өткен. Олар: Париж (Франция), Рим (Италия), Будапешт (Венгрия), Лос-Анджелес (АҚШ) және Гамбург (Германия). Кейіннен бұл қатардан Гамбург қаласы өз өтініштерін кері қайтарды.
Лос-Анджелес пен Париж осыған дейін Олимпиада ойындарын екі реттен өткізген. Франция астанасы жазғы доданы 1900 және 1924 жылдары өткізсе, АҚШ қаласы 1932 және 1984 жылдары қабылдаған. Рим болса 1960 жылғы Олимпиаданы өткізген қала ретінде танымал. Будапешт өз тарихында Олимпиада ойындарын өткізбеген.
Спорт сарапшылары 2024 жылғы жазғы Олимпиаданы өткізуге үміткер қалалардың ішінде Парижге басымдық беруде. Оған себеп те жоқ емес. Қалада спорт нысандары жеткілікті деңгейде. Қонақүйлер мен қоғамдық көлік қатынасы жолға қойылған. Сондай-ақ, 2024 жылы Париждің Олимпиада ойындарын соңғы рет өткізгеніне 100 жыл толады. Бұл да қаланың жеңіске жетуіне бір септігін тигізуі мүмкін. Ал Лос-Анджелес түрлі себептермен (саяси, допинг, т.б.) фавориттер қатарынан төмен сырғып барады.
Айта кетейік, ХОК 2024 жылғы Олимпиада өткізетін қаланы келер жылдың қыркүйек айында анықтайтын болады.