Платоның таным туралы ілімі
Платоның таным туралы ілімі
Платон Афиналық (б.з.б. 427 – 347) – ежелгі грек философы, Сократтың шәкірті, еуропалық идеализмнің негізін салушы. Платон оның лақап аты (жалпақ, кең), өз есімі – Аристокл. 407 ж. Платон Сократпен танысып, оның ең сүйікті шәкіртінің бірі болды. Сократ өлгеннен кейін Афинадағы саяси жағдайдың қолайсыздығына байланысты Мегарга кетті. 389 ж. Оңтүстік Италия мен Сицилияға саяхат жасап, онда пифагоршылармен ғылым, философия, діни ілім жайында пікір алысты.
Платон таным процессі – жанның ұмытып қалған идеялар әлемін еске түсіруі деген қорытынды жасайды. Материялық денелер идеялардың денесі болғандықтан, жан оларды көргенде, ұмытып қалған идеялар әлемі туралы білгені есіне оралады. Жанның осы жолмен алған білімі нағыз ақиқатқа жатады. Аспан әлемінің үйлесімділігін зерттейтін ғылымдар арқылы алған білім – ақиқатқа жақын, себебі олар идеялар әлемі туралы тікелей білім бермесе де, соған жақындатады. Ал сезімдік денелер туралы күнделікті тәжірибе арқылы алған білім – шындыққа жанаспайды, себебі ол болмыс, иделар әлемі туралы білім емес, олардың көлеңкесі туралы алынған білім.
Платонның пікірінше, сезімдік танымның ақиқатты тану жолында ешқандай маңызы жоқ, себебі түйсіктер арқылы алған мәліметтер заттардың өзіндегі құбылыстар туралы білім емес, тек адамдардың пікірінде ғана қалыптасқан ұғымдар. Ал заттардың көзге көрінбейтін шын мәнін тек ақыл-ойдың күші арқылы білуге болады. Сондықтан шын ақиқатты түсініп білу үшін ақыл-ой заттар әлемінен аластатылып, жанның идеялар әлемінде көргендерін есіне түсіруге мүмкіндік алуы керек. Бұл жолда оған эрос көмектеседі, себебі ол адамдарды шығармашылыққа жетелейтін құдіретті күш.
Платонның көзқарасы бойынша, идеяны, эростыбасшылыққа алған өмір әдептілік идеясын (игілік, қайырымдылық) жүзеге асырады. Ол тек рухни махаббат негізінде ғана мүмкін. Игілік (қайырымдылық) дегеніміз жанның реттілігі мен үйлесімділігі. Платонның түсінігінше игіліктің төрт түрі бар. Олар: жүректілік, данышпандық, естілік және әдептілік. Бұл игіліктер адамдардың бәріне бірдей дарымайды. Осы игіліктердің даруына қарай қоғамдағы әлеуметтік топтарды үш топқа бөлуге болады. Олар: игіліктердің төрт түрінің төртеуі де дарыған – философтар, бұлар мемлекетті басқарулары керек, данышпандықтан басқа қалған үш игілік дарығандар – әскербасылар, т.б., ал игіліктің соңғы екеуі ғана дарығандар – қолөнершілер, шаруалар, саудагерлер, т.б. Осы әлеуметтік топтардың әрқайсысы мемлекетке пайдалы және өте қажет.