Антикалық диалектика: Гераклит
Антикалық диалектика: Гераклит, Атомистер және Сократ философиясындағы түсініктер.
Эфестік Гераклит (шамамен б.д.д.540ж.). Оның есімі философия тарихында өшпес із қалдырған. Сонымен қатар, Гераклит тарихта Қараңғы деген қосымша атпен белгілі. Мұндай теңеу оның шығармаларының ерекшелігіне: ойлау машығының сипатына, тіліне, стиліне қарай айтылады. Гераклиттің ойлары өте қысқа әрі жинақты келеді. Ол түсініксіз сөздер арқылы терең ой жүйесін ширатып, әрбір құбылыс пен заттың мәнін ашуға тырысады.
Гераклит қарама-қарсылықтардың бірінсіз-бірі өмір сүрмейтіндігін дәлелдеп шықты. Ол дүниенің тұрақсыздығын, оның үнемі қозғалыс пен өзгерісте, жалпы дамуда болатынын айқындап берді. «Өзендегі суға екі рет түсе алмайсың, өйткені ол ағып жатыр» дейді. Мұның өзі барлығы ағып, үнемі дамуда болады деген пікірді білдіреді. Гераклит қарама-қарсылықтардың бір - бірінен ажыраспайтынын, бір - біріне өтетінін, алмасатынын, бірін-бірі толықтыратынын, бірі жойылса, екіншісі де жоғалатынын айқындап берді.
Гераклит сол кездегі басқа ойшылдар сияқты жаратылыстану саласымен айналысып, дүниенің негізін материалдық біртұтастықтан іздеді. Сондықтан да ол дүниенің негізін отта деп есептеді.
Гераклит – көрнекті диалектик, теориялық ойлаудың шым-шытырман тұңғиығына, оның қайшылықтары мен бұрылысы көп жолдарына батыл көз жүгірткен ғұлама философ. Гераклиттің диалектикасы көптеген келелі мәселелерді көтерді. Сондай проблемалардың бірі таным процесін, әсіресе, диалектикалық танымның салыстыру әдісімен қалыптасатынын атап көрсетті. Салыстыру арқылы жақсылық пен жамандықтың, әсемдік пен көріксіздіктің т.б, жігін ашып, мәнін негіздеуге тырысты.