Ф.Бэкон жаңа философия методологиясының принциптері
Ф.Бэкон жаңа философия методологиясының мынадай принциптерін ұсынады:
1) табиғатты зерттеудегі объективтілік;
2) ғылыми және философиялық әдістің өзіндік құндылығы;
3) табиғаттан технологиялық үстемдік;
4) табиғи әлемді зерттеудің индуктивті әдісі.
Бэконның пікірінше ғылым адамның табиғаттан үстемдігін қамтамасыз етеді және бақытты қоғам құрудың алғышарттарын қалыптастырады. Ал ол үшін философия әлемді тану жолындағы гносеологиялық схемалар мен стереотиптерді тазалауы қажет. Кедергілер түріндегі мұндай идолдар қатарына ол тектік идолдарды, индивидтік идолдарды, алаң идолдары мен театр идолдарын жатқызады. Бұл идолдар ескі философиялық дәстүрлер әсерінен қалыптасқан. Ф.Бэкон адамдарды ағарту мен надандыққа және стереотипке қарсы күресу бағдарламасын ұсынады. Ол үшін Бэкон адамдарға санадағы тосқауылдардан құтылып, нағыз танымға жол сілтеуге мүмкіндік беретін педагогиканы дайындады. Сонымен қатар ол идеалдық мемлекеттің платондық теориясына өзінің саяси утопиясын қарсы қойды. Бэконның пікірінше адамзат қоғамы өзгеріп отырады және бұл дамудың өзегі адамның табиғатты пайдалану қабілеті мен үстемдігі болып табылады. Қоғам алға жылжиды және тарихты құдай емес адамның өзі қозғайды — міне, Бэконның идеясы. Ал бұл тұжырымның негізін бэкондық индукция теориясы құрайды. Дәл осы индукция теориясы адамға табиғатқа билік жүргізу үшін қажет білімді береді және ғылымның көмегімен адам жаңа қоғам — аспанда емес, жерде жұмақ орната алады!