МЕЗГІЛДІК ҚАТЫНАСТЫ БІЛДІРЕТІН САБАҚТАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР

МЕЗГІЛДІК ҚАТЫНАСТЫ БІЛДІРЕТІН САБАҚТАС ҚҰРМАЛАС СӨЙЛЕМДЕР,ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ.

Мұнда бағыныңқы компонент басыңқыда хабарланған белгілі бір ойдың қай мезгілде орындалғаны немесе орындалатыны жайындағы уақыт мөлшерін білдіріп тұрады.Мезгіл бағыныңқылы сабақтастың,басқа да бағыныңқылардай,әрқайсысының өзіндік дербес грамматикалық бастауыштары болуы қажет.Бұлай болмаған жағдайда ондай сөйлеміміз мезгіл бағыныңқылы сабақтас болып табылмай ,жай сөйлемнің күрделенген түрін құрайды.Мысалы:1)Мен келген сайын ылғи Асанның кітап оқығанын көремін.2)Мен осында келген сайын,Асан ылғи кітап оқып отырады.Жасалу жолдары:Мезгіл бағыныңқылы сабақтас сөйлем синтетикалық және аналитика-синтетикалық тәсілдер арқылы жасалады.Бұл тәсілдердің көрінісі есімше,көсемше,шартты рай тұлғалары арқылы және түрліше демеулердің есімшелерді меңгеру арқылы берілетін болады.Есімшенің –ған түрі жатыс септік формасында тұрып мезгіл бағыныңқының баяндауышын жасауға қатысады.Мысалы:Шай аяқтала бергенде,үш-төрт қыз балалар ,бір-екі жас жігіттер келіп өлең айтып көңіл көтерді.Есімшенің- ар,-ер формантты түрі жатыс септігінде қолданылады.Егер –ғанда тұлғалы бағыныңқыда көбінесе орындалған әрекет баяндалса,-арда түрінде жаңадан орындала бастаған қимыл сөз болады.Мысалы:Сол той тарқап,жеккен пар аттың тарнатасына Айбарша мінерде ,ауыл адамдары жапырласа қолдасып амандасты.Кезде,шақта,соң,сайын т.б.демеулері атау формасындағы есімшелерді меңгереді.Мысал:Раушан келіп қалған соң,ол ауылға қарай жүгіріп кетті.Көсемшенің барлық амалдары да мезгіл бағыныңқы сөйлемді жасауға қатынаса алады.-а,-е,-й тұлғалы көсемше:Шай жиыла бере ,Абай жастыққа құлай түсті.-ысымен,-ісімен жұрнақты түрі:Қонақтар үйге кіріп отырысымен,Абай Әбіштің жүзіне үңілді.-п тұлғалы көсемше :Бір уақытта шолпы сылдыры естіліп,Тоғжанның әсем бойы көрінді.-ғанша тұлғалы көсемше:Әйел етті қазанға салғанша,үйге бірталай жұрт жиналып қалды.Шартты рай тұлғасы арқылы мезгіл бағыныңқы сөйлемді жасауға кеңінен қатынасады:Шоқан келсе, ойын сауық басталып кетіпті.Сабақтас сөйлем бойындағы мезгілдік мәнді басшылыққа ала отырып,мезгіл бағыныңқыларды екі үлкен салаға жіктейміз бір мезгілдес сабақтас(Жалт қарасам, Шұға үйіне кетіп бара жатыр екен) және әр мезгілдес сабақтас сөйлемдер(Айбарша аттанар кезде,Қаратай тысқа шығып кеткен.)