Уильям Шекспирдің шығармашылығы
Шекспир ескі, феодалдық дүниенің күні бітіп жатқандығын түсінді. Бірақ ол ақша мен баюға құмарлық үстемдік еткен буржуазияның жаңа дүниесімен де келісе алмады. Жазушының пікірі бойынша жауыздық барлық жерді жайлаған, ол сезім атаулының – сенім, әділет, сүйіспеншіліктің бәрін де уландырып отыр. «Менің айналамда көріп отырғанымның бәрі де жексұрындық», – деп үндейді ақын.
Шекспир адамның ұлылығын терең түсінді. Шекспирдің ұлы трагедиясының кейіпкері Гамлет: «Адам қандай тамаша жаралған! Оның ақыл-ойы қандай ізгі. Іс-әрекеті қандай дәл, қандай тамаша. Әлемнің сұлуы», – дейді. Өзінің «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» және басқа трагедияларында Шекспир қайырымдылық пен әділеттілік туралы ізгі, батыл адамдар армандарының жүзеге аспайтындығын көрсетті. Ол күшті, ер жүрек кейіпкерлерді, олардың жоғары сезімдерін – сүйіспеншілік пен достықты, адалдық пен ерлікті мадақтады. Шекспирдің кейіпкерлері тағдырдың әлсіз құрбандары емес, олар қиналады және күреседі, бірақ дүниені өзгертуге қабілеті жетпейді. Шекспир 37 пьеса (трагедия, комедия, тарихи драма), сондай-ақ көптеген өлең жазды. Шекспирдің антик мифологиясының сюжеттеріне жазылған 2 поэмасы бар («Венера мен Адонис», «Лукреция»).
Шекспир көптеген сонеттер жазды. Сонет (сыңғырлау, сылдырлау деген итальян сөзінен шыққан) – әр шумағы 14 тармақтан құрылатын өлең түрі. Тармақтар екі рет төрт-төрттен, онан соң екі рет үштен топтасады (З.Ахметов «Әдебиеттану. Терминдер сөздігі»). Оның 154 сонеттен тұратын жинағы сақталды. Бұл жинақ ақынның алғашқы, оның тірі кезінде жарық көрген жинағы. Кітапқа кірген 126 сонет ақынның досына, ал 128 қарашашты сұлуға арналған. Зерттеушілердің ойынша, Шекспирдің досы ретінде шығатын бейне – граф Саутгемптон, ал қарашашты сұлудың кім екені белгісіз, оның аты тарихта сақталмаған. Сонеттерді бірнеше циклге бөлуге болады. Олардың тақырыптары – достық, сүйіспеншілік, қызғаныш, тағдыр туралы толғау. Сонеттерінде ақын достықты, сұлулықты, махаббатты мадақтайды. Сонымен қатар бақытсыз махаббат, әлеуметтік, философиялық мәселелер көтереді.