Тұманбай Молдағалиевтің толғаулары

Өткен күндерге хат жаздым



Өткен күндерге хат жаздым,

Өшіп қалмасын оты деп.

Іздейді, мүмкін, хат жазды

Арманға толы көкірек.

Тағдырым, мені жүдетпе,

Биіктеп ұшсын нар құсым.

Қартайған қайсар жүректе,

Жігіттің оты, бармысың.

Бітпеген әні, әуені,

Жігіт едім ғой мен күшті.

Бес жапырағым бар еді,

Бір жапырағым желге ұшты.

Құлатып алдым ай, күнді,

Жылады жаным еңіреп.

Көтерісті ауыр қайғымды,

Сүйеді елім мені кеп.

Найзағай соққан қарағай

Орманда осы аз ба, әттең.

Жаңа аяқтанған баладай

Жүремін құлай жаздап мен.



Өлең жазбасам



Өлең жазбасам,

бірдеңем жоғалғандай,

Мазам кетіп жүремін оңала алмай.

Әлсіздік пен мәнсіздік, мазасыздық,

Соңымнан бір ереді олар қалмай.

Өзімді өзімді ұнатпай,

құнсызданам,

Көз алдыма келеді күнсіз далам.

Қуат таппай ұшуға, қонуға да,

Мұңаямын, өзімше құр сызданам.

Бақытпен де кезінде бастас едік,

Бара жатам біртүрлі босқа семіп.

Өзімді өзім алдаймын,

өтірігіме

Өзім сенбей, қалардай басқа сеніп.

Мейіріменен көңілін жібітті де,

Аяқ басты шалдыққа жігіт, міне.

Не тапсам да, барлығын жырдан таптым

Күдікті де, күлкіні, үмітті де.

Өмірімнің өзені жай ақпастан,

Күнде таңда ұйқымнан оятты аспан.

Жырдың өзі - бітпейтін денсаулығым,

Ерке күнім ертеңге аяқ басқан.

Жарқылдаймын, кәрілік, сені ұмытып,

Жігіттіктің кеудеме желі бітіп.

Өмір сүрсем дейтұғын үміт-кеме

Жағалауда тұрады мені күтіп.



Қырланады, сұрланады



Қырланады, сұрланады,

Өңің кейде бұзып дала.

Келіп қарттық бір хабары,

Соқпай көңілің қызыққа да,

Жүретін бір күндерің бар

Атқа мінбей, жаяу қалып.

Көңіл кетіп гүлге құмар,

Отырасың ой ойланып....

Менің де көп,

кінәм аз ба,

Бәрі де ептеп оянады.

Көңіліңдегі күлкі, наз да

Көз жасына боялады.

Қызықты кеш, құмар әні

Бара жатыр бәрі сиреп.

Сәбилерің шығарады

Шыңарудан сені сүйреп.



Таң атты, біраздан соң күн шығады



Таң атты, біраздан соң күн шығады,

Жаяды бар әлемге нұр шұғаны.

Тағы ерте оянып ап ой қуалап,

Көңілім бір жақтарға құлшынады.

Көңілім дәметеді алыстардан,

Үнсіз кеп жүрегіммен табысты арман.

Нұр жиям көкірегіме тағы, тағы

Жылжыған алға қарай ағыстардан.

Қақпасын жүрегімнің нұрға аштырып,

Әр таңнан дәметемін бір жақсылық.

Әр әнді кеудемдегі оятсын да,

Жіберсін жолаушыға жолдас қылып.

Күнді бер жүрегіме, жарық күнді,

Бақытқа баяғыдай қарық қылғын.

Анау бір шал-шауқанның арасынан

Қартайған мен өзімді танып тұрмын.

Кәрілік көздерімді бақырайтып,

Арманның келді үйіме аты қайтып.

Аяймын өзімді өзім оңашада,

Қоямын өзіме өзім ақыл айтып.

Таң атса, күн батады көп етпей-ақ,

Тыншығам көңілімдегі бөбекті аяп.

Жүретін қыздар қоршап қызық дәурен

Кетеді, келеді де маған таяп.