Хамит Ерғалиевтің елді елең еткізген поэмасы

Ұлы жеңістен кейін қазақтың жарқырап айтылған өлең жәрмеңкесінен орын тауып, көзге түсу қандай талантқа да оңай соқпайтын. Осындай үлкен думанда қазақ поэзиясына бірден келген Хамит Ерғалиевтің даусы құлаққа ерен естілді. Бір қызық жағдай, бұрын қаға берісте сирек жарияланған Хамит өлеңдерінен хабары аз қауымға ақынның алғаш шыққан «Әке сыры» поэмасы тосын және керемет әсер етті.
«Әке сыры» поэмасында сол кездегі қазақ поэмаларына тән дағдылы сюжет, қаһарман кейіпкер жоқ. Қазақ поэмасына лирикалық батыр, үлкен лирикалық батыр басты кейіпкер болып енді. Мұнда жалынды публицистика, философиялық ой толғау, нәзік психологиялық тебіреністер жымдасып, бір арнаға тоғысқан.

Хамит Ерғалиев(14.10.1916 жылы Атырау облысы, Махамбет ауданы, Новобогат — 1997)) — қазақ ақыны.

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған. Ұлы Отан соғысына қатысты (1941-45). Тұңғыш өлеңдері Гурьевтің облыстық газетінде 1936 жылы жарияланды. Ол көптеген өлеңдер, публицистикалық мақалалар, эпикалық поэмалар, прозалық шығармалар жазды. Epғалиев 2-дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1945-50 жылы «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің әдеби қызметкері, 1950-57 жылы Қазақстан Жазушылар одағы поэзия секциясының меңгерушісі, 1958-59 жылы Қазақстан мемлекеттік әдебиет баспасы поэзия редакциясының меңгерушісі болып қызмет атқарған. Исатай ауданының, Атырау қаласының құрметті азаматы.

Epғалиев - 30-ға тарта жыр жинақтарының, «Әке сыры», «Үлкен жолдың үстінде», «Біздің ауылдың қызы», «Сенің өзенің», «Оралдағы отты күн», «Аңыз ата», «Құрманғазы», «Күй дастан», «Жылдар, жылдар» деп аталатын поэмалардың авторы.

Ол - Қазақстан Мемлекеттік сыйлық лауреаты (1981), екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» және 1, 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, бірқатар медальдармен марапатталған.

Epғалиев Қаныш Сәтбаевты үш рет жақыннан көргені туралы естелігінде («Беделіндей елімнің биік еді», «Заңғар», «Айқос», А., 1999) ұлы ғалымның қарапайым әрі кішіпейілділігіне тәнті болады. 1949 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының Үлкен Алтай проблемасы жөніндегі көшпелі сессиясы Өскемен қаласында өткен кезде, сессия барысынан күн сайын хабар ұйымдастыру үшін «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Epғалиевтің журналистік жұмысына академиктің өзі кеңесші болып, көмек көрсеткенін еске алады. Epғалиев ұлы ғалымның рухына арнап, «Ғарыштағы Қаныш» деген баллада («Социалистік Қазақстан». 1989, 12 сәуір) жазды.