Қабылан қандай жануар?
Қабылан — сүтқоректілер класы, мысық тұқымдасына жататын аң. Африка, Орта Азия және Үндістанда таралған. Қазақстанда 18-ғасырдың аяғы — 19-ғасырдың басында Каспий мен Арал теңіздерінің аралығындағы шөлді аймақта тіршілік еткен. 20-ғасырдың 50-жылдары сирек болса да, Үстірт пен Маңғыстау түбегінде кездесіп қалып жүрді.
Қабыланның дене бітімі ұзынша, тұрқы 120 — 150 см, құйрығының ұзындығы 60 — 75 см. Қалың, қысқа, сарғылт түсті түгінің үстінде қара дақтар болады. Қабылан тропиктік және субтропиктік аймақтардағы ормандарда, тау беткейлерінде, жазық далалар мен саваннада, өзен бойындағы тоғайларда тіршілік етеді. Ағаш басына, жартастарға тез өрмелеп шығады. Қабылан тұяқты аңдарды (газель, арқар, т.б.) қуып жүріп аулайды. Оның жылдамдығы 100 км/сағ-қа дейін жетеді. Ол жер бетінде жасайтын сүрқоректілердің арасында ең тезі болып саналады. Жоғары жылдамдығында қабылан қадамдары жылқыныкіндей шамамен 7 метрге дейін жетеді.
Желтоқсан — қаңтар айларында ұйығып, 90 — 95 күннен кейін 2 — 4 күшік табады. Қабыландар қолға тез үйренетін жыртқыш, сондықтан хайуанаттар саябағында ұстауға бейім аң. Терісі бағалы, кезінде өте көп ауланған. Қазір қабыландар жылдан-жылға санының азаюына байланысты қорғауға алынып, Халықаралық табиғат қорғау одағы мен Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.