Макака қандай мешін?

Мартышка тәрзділер, төменгі сатыдағы тар танаулы маймылдар (Cercopіthecіdae), тар танаулы маймылдар тұқымдасының бірі. Қазба қалдықтары неогеннің 2-жартысы мен төрттік кезеңнің басынан белгілі. Африкада, Оңт.-Шығыс Азияда, Аравия түбегінде, Малая топаралының кейбір аралдарында таралған. Көбінесе орманды, тропиктік және субтропиктік саванналарда, кейбір түрлері Жапония мен Қытайда мекендейді. Топтанып тіршілік етеді. Дене тұрқы 20 — 100 см, құйрығының ұзындығы 100 см, кейде одан ұзындау болады. Құйрықсыз бір түрі бар. М-дің салмақтары әр түрлі. Мыс., карлик мартышканың (талапойнның) салм. 1,3 кг-дай болса, павиандар — 25 — 30 кг-дай тартады. Аналығына қарағанда аталығы ірілеу және ашық реңді. Алдыңғы аяғының ұзындығы артқы аяғымен бірдей, ал кейбір түрлерінде қысқа. Табаны мен алақанына сүйеніп, жерде еркін, жылдам жүре алады. Жүнінде түбіт болмайды. Беті, алақаны, табаны түксіз, тықыр. Бас сүйегі домалақ, бет бөлігі шағын, кейбірінде созылыңқы. Қабақ сүйегі көтеріңкі. Тісі — 32 дана, ит тісі — үлкен. Миы 100 — 170 см3, онда сайшалары мен иірімдері айқын байқалады. М-дің сыртқы бітімі әр түрлі. Олардың 11 туысы бар: макака, мангобей, павиан, мандрил, гелада, мартышка және гусарлар және, т.б. Табиғатта нақты қанша уақыт тіршілік ететіні белгісіз. Мыс., қолда ұсталған макака — 35 жыл, павиан 35 — 40 жыл өмір сүргені белгілі. 18 түрі мен түр тармағы Халықар. табиғат қорғау одағының“Қызыл кітабына” енгізілген