Франция табиғаты
Францияның көпшілік бөлігі жалпақ жапырақты ормандар аймағында орналасқан. Қиыр оңтүстікн жерортатеңіздік субтропиктер алып жатыр. Жағалаулары негізінен аласа, аккумулятивті немесе лагуналы, құрлыққа еніңкіреп жатқан шығанақтары бар (Атлант мұхиты жағалауларында Бискай, Сен-Мало, Жерорта теңізі жағалауында Лион), Ла-Манш пен Па-де-Кале бұғаздарының жағалаулары — абразивті, аласалау, бірақ тік, Котантен мен Бретань түбектерінің жағалаулары риас типті болып келеді. Лион шығанағынан шығысқа қарай Жерорта теңізі жағалаулары жартасты, Альпі тауларының теңізге келіп тірелген сілемдерінен құралған (Француз Ривьерасы деп аталады). Аумағының 2/3-сі елдің солтүстік, орталық және батыс аудандарын алып жатқан аласа және көтеріңкі жазықтар. Олардың ішіндегі ең үлкені — солтүстікте орналасқан Париж бассейні болып табылады. Оңтүстік-батысын — Аквитания жазықтары алып жатыр. Солтүстік-батысында жазықтар Арморикан үстіртімен ұласады, олар солтүстік-шығысы мен шығысында биіктігі орташа Арденн (көп бөлігі Франциядан тыс жерде) және Вогез тауларымен қоршалған. Оңт-нде төбелері қатты мүжілген, биіктігі орташа таулардан құралған аудан — Орталық Француз массиві жатыр. Оның орталық бөлігіне (Овернь) жанартаулы жер бедері тән (Мон-Дор жанартау күмбезі, Канталь кратері, Пюп конустар тізбегі). Массивтің оңтүстік және оңтүстік-батыс шетінде терең каньондармен тілімденген карстанған тау жазықтары жүйесі орналасқан (Гран-Кос, т.б.). Солт.-батыс, солт.-шығыс және шығыс аудандарында кристалданған аласа таулар (Лимузен, Морван, Севенна, т.б.) басым. Альпі мен Орталық Француз массивінің арасында Рона ойпаты бар. Франция аумағына Жоғарғы Рейн ойпатының батыстағы шағын бөлігі де кіреді. Оңтүстік-батысында субмеридиандық бағытта Батыс Альпі созылып жатыр. Оның биік бөлігі — Савойя, Грай, Кот және Теңізжағалаулық Альпі таулары ұзынынан және көлденеңінен терең аңғарлармен тілімденген кристалдық қыраттардан тұрады, мұздықтар көп. Альпінің батыс жиегінде эрозиямен күшті бөлшектенген, кей жерлерінде карстанған әктасты қыраттары бар биіктігі орташа таулар орналасқан. Бұл таулардың солтүстіктегі жалғасы Юра таулары болып табылады. Елдің оңтүстік-батысын Пиреней таулары (ең биік жері — Виньмаль тауы — 3298 м) алып жатыр. Ол солтүстігінде Аквитаниямен терең жазықтары бар тік беткейлер арқылы жалғасады. Корсика аралының жер бедеріне биіктігі орташа таулар тән (ең биік жері Мон-Сенто тауы — 2710 м). Франция мен Батыс Еуропаның ең биік шыңы — Монблан тауы (4807 м) болып есептеледі. Франция аумағының көпшілік бөлігі герциндік қатпарлық облысқа жатады. Қазіргі кездегі Франция аумағы кайнозойдың соңында аяқталған жалпы көтерілім нәтижесінде қалыптасқан. Негізгі қазба байлықтары — темір кентастары, боксит, калий тұздары, табиғи газ бен тас көмір, уран. Темір кентастарының кен орындары (Мец-Тионвиль, Лонгви, Брие, Нанси) Лотарингия бассейнінің Юра шөгінділерімен, бокситтің ірі кен орындары Прованстың мезозой әктастарымен байланысты. Калий тұздарының негізгі кендері Эльзаста, табиғи газ бен аз мөлшердегі мұнай кен орындары Аквитания бассейнінде. Францияның негізгі тас көмір бассейндері — Валансьенн мен Лотарингия эпигерциндік платформаның қатпарлық іргетасымен байланысқан. Сондай-ақ вольфрам, сүрме, қорғасын, мырыш, қалайы, алтын мен күміс, күкірт пен күкіртті колчедан, әр түрлі құрылыс материалдарының кен орындары бар. Елдің көпшілік бөлігінің климаты қоңыржай теңіздік, шығысында континенттікке өтпелі, Жерорта теңізі жағалауларында жерортатеңіздік субтропиктік (жазы құрғақ, қысы жауынды). Шығысы мен солтүстік-шығысындағы жазықтар мен аласа таулардағы қаңтар мен ақпан айларындағы орташа темп-ра 1 — 3°С, батысы мен оңтүстік-батысында –5 — 7°С, оңтүстігінде 8 — 10°С-қа тең. Жазықтардағы шілде мен тамыз айларындағы орташа температура солтүстікте 16 — 18°С, оңтүстік-батыс пен оңтүстікте 20 — 24°С. Жылдық жауын-шашынның ең жоғарғы мөлшері (1500 — 2000 мм) Альпінің батыс беткейлеріне, Вогез, Севенна мен Пиреней тауларының батыс бөлігіне түседі. Бретань мен Котантен түбектерінде, Батыс Аквитанияда бұл көрсеткіш 800 — 1200 мм-ге, басқа жазықтарда 600 — 800 мм-ге тең. Жауын-шашынның ең аз мөлш. (500 — 800 мм) Рона ойпатына тау аңғарлары мен Жерорта теңізі жағалауларының шығыс бөлігіне түседі. Жазықтарда тұрақты қар жамылғысы қалыптаспағанмен, жыл сайын қар жауады. Таулардағы тұрақты қар жамылғысы 500 — 1000 м биіктікте байқалады, 2500 — 3000 м биіктікте ол 7 айдан 11 айға дейін сақталады. Қрі өзендері — Луара, Рона, Сена, Гаронна. Елдің солтүстік пен батыс аудандарындағы өзендер кең жазықтармен ағады, жаңбыр суымен толығады, жыл бойы суы мол болып, бетіне мұз қатпайды. Өзендерінде кеме қатынасы бар, бір-бірімен каналдар арқылы жалғастырылған. Альпі мен Пиреней тауларынан басталатын өзендер терең жазықтармен ағып өтеді, қар мен мұздықтардың еріген суымен толығады. Франция аумағында Женева көлінің оңтүстік бөлігі орналасқан, елде басқа ірі көлдер жоқ. Ормандар ел аумағының 27%-ын алып жатыр. Қрі орман массивтері Аквитанияның батысында (негізінен қолмен отырғызылған самырсын ормандары), Париж бассейнінің шығысы мен Альпі және Пиреней тауларында. Аквитанияның шығысында емен ормандары қолмен отырғызылған талшын ормандарымен үйлеседі, субтропиктік бұталар кездеседі. Елдің солтүстігінде шамшат, емен, шегіршін ормандары өседі. Оңтүстігінде еменнің мәңгі жасыл түрлері, самырсынның оңтүстік түрлерінен құралатын сирек ормандар, гарига мен маквис бұталары басым. Биіктігі орташа тауларда ормандар тау басына дейінгі жерлерді алып жатыр. Орманды аудандарды, тауларды жабайы орман мысығы, түлкі, елік, жабайы шошқа, ақтиін, қоян, бұғылар, ақкістер мекендейді. Биік тауларда тауешкі, жайран, альпі суыры, атжалман кездеседі. Құр, шіл, тауқұдірет, сауысқан, торғайлар, көгершін, жылқышы, қырғи, кезқұйрық, т.б. құстар кең тараған. Оңтүстігінденде фламинго кездеседі. Өзендері мен Францияны қоршаған теңіздерде балық көп. 3 мыңнан астам қорғалатын аумақтар (1975), Ұлттық саяжайлар (Экрен, Севенн, Вануаз, т.б.), көптеген резерваттар мен қорықтар бар.