Франция экономикасы
Франция — жоғары дамыған индустриялы-аграрлы ел. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі бойынша дүние жүзінде 4-орын (АҚШ, Жапония, Германиядан кейін), Еуропада Германиядан кейін 2-орын алады. Ұлттық табысты жан басына шаққандағы жылдық мөлшелері 24990 АҚШ долларына тең (2003 ж). Франция автомобильдер шығару жөнінде дүние жүзінде 3-орын, авиациялық және ғарыштық техника өндірісі бойынша Еуропада 1-орын алады. Сондай-ақ экспортқа көп мөлшерде қару-жарақ, АЭС-тер үшін құрал-жабдықтар, химикаттар, маталар мен киім-кешек шығарады. Француз өнеркәсібінің жетекші салаларына автомобиль жасау, химия мен мұнай химиясы, ұшақ жасау (аэробустар мен әскери ұшақтар), электроника, металлургия, темір жолы техникасын шығару жатады. Парфюмерия — косметикалық сала мен жоғары талғамды сәнді киімдер шығаруда Франция дүние жүзінде бірінші орынды иеленеді. Жылына шамамен 3,5 млн. автомобиль шығарса, оның жартысына жуығы экспортқа жіберіледі. Автомобильдердің 90%-дан астамын “Рено” мен “Пежо-Ситроен” компаниялары шығарады. Кеме және станок жасау, ауыл шаруашылық машиналары өндірісі де жақсы дамыған. Химия өнеркәсібі минералды тыңайтқыштар, синтетикалық каучук пен пластмасса, парфюмерия, дәрі-дәрмектер жасауға маманданған. Ірі мұнай, химиялық кәсіпорындары көп. Химия өнеркәсібі биотехникалық және гендік инженериямен тығыз байланысты. Тоқыма өнеркәсібі өзінің бұрынғы маңызынан айрылса да, Франция киім-кешек пен маталар шығарудан Еуропада алдыңғы орындардың бірін иеленеді (мақта-мата, жібек, синтетикалық, жүн, кендір, зығыр маталары өндіріледі). Француз кәсіпорындары шығарған ірімшік, шараптар, кондитерлік бұйымдар дүние жүзіне танымал. Өнеркәсіп өнімдерінің 1/5-іне жуығы Париж бен оның айналасында, сондай мөлшері Лион мен солтүстік аудандарда өндіріледі. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндірудің көлемі бойынша Франция дүние жүзінде АҚШ пен Канададан кейін 3-орынды иеленеді. Ол ауыл шаруашылық өнімдерімен өзін-өзі толық қамтамасыз етіп, 40%-ын экспортқа шығарады. Франция — Еуропадағы астық, сары май, ірі қара етін, ірімшікті ең көп мөлшерде өндіретін ел. Өсімдік шаруашылығының негізгі саласы — дәнді дақылдар өсіру (негізгілері — бидай, жүгері, қара бидай, арпа, күріш). Картоп, қант қызылшасы, күнбағыс, рапс та көп мөлшерде өсіріледі. Ницца өңірінде гүл өсіру дамыған. Жүзімнің негізгі бөлігі шарап дайындауға (жылына 60 млн-дай л) жұмсалады, неғұрлым белгілі түрлері шампан, кагор, коньяк. Жеміс-жидек (алма, алмұрт, шабдалы, Жерорта теңізі жағалауларында цитрустық жемістер мен қара өрік) пен көкөніс өсіру дамыған. Ірі қара (20,6 млн. бас), шошқа, қой, жылқы өсіріледі. Балық аулау кәсібінің негізгі порттары Атлант мұхиты жағалауларында (Булонь, Лорьян, Ла-Рошель) орналасқан. 2005 ж. елде 70 млн-нан аса шетелдік туристер демалды. Экспортының негізін өнеркәсіптік құрал-жабдықтар, тұрмыстық бұйымдар, ауыл шаруашылық өнімдері, химиялық тауарлар мен шикізаттар, тігін бұйымдары, киім-кешек, аяқ киім, парфюмерия мен косметика, автомобильдер құрайды. Сырттан тұтыну тауарларын, өнеркәсіптік шикізаттар алады. Негізгі сауда серіктестері: Германия, Италия, Бельгия, Люксембург, Ұлыбритания мен АҚШ. Франция Қазақстанның сауда серіктестері ішінде 12-орын алады. Француз кәсіпорындары Қазақстандағы өз қызметінің қарқынын біртіндеп арттырып келеді. 2005 ж. ҚР мен Франция арасындағы тауар айналысы 2665,1 млн. долларды құрады. Қазақстан Францияға мұнай, кентастар, химия өнеркәсібінің шикізаттарын, тері мен астық береді. Франциядан негізінен дәрі-дәрмектер, азық-түлік өнімдерін, қосалқы бөлшектер, автомобильдер, тұрмыстық электроника, шарап, теңіз өнімдерін, ірімшік, парфюмерия мен косметикалық бұйымдар, жоғары сән киімдерін алады. Қазіргі кезде Қазақстанда француз кәсіпкерлері араласқан 19 шағын кәсіпорын тіркелген. 4 француз банкі Қазақстанмен бірлесіп жұмыс атқаруда, мұнай-газ, тау-кен, энергетикада, көлік пен қызмет көрсету салаларында көптеген француз компаниялары еңбек етуде. 2004 ж. 10 наурызда Парижде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиясының кезекті, алтыншы мәжілісі болып өтті.
Сыртқы экономикалық байланыстар[өңдеу]
Франция экономикасы дүниежүзілік шаруашылықтын ажырамас бөлігіне айналды.Сыртқы сауда экономикалық өрлеуге негіз болып отыр, оған оң сальдо тән. Экспорт көлемі жөнінен ел батыс Еуропада тек Германияны ғана алға салады, Францияның сыртқа шығаратын тауарларының жалпы құны дүниежүзілік тауар экспортының 5,1% -ын құрайды. Экспорт құрылымында машиналар мен жабдықтар 43 және ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізаты 20 басым болып отыр .Соңғы жылдары әскери техника мен қару – жарақты сыртқа сату жөнінде АҚШ – тан кейінгі екінші орынға шықты.Импорт көлемі жөнінен Франция Жапониямен қатар АҚШ ,Германиядан кейінгі үшінші орынды бөліседі.Франция – халықаралық туризм орталығы.Қазіргі кезде Франция жылына 77 млн –дай шетел туристері қабылдайды.Елдің сыртқы экономикалық байланыстарын дамытуда туризмнің маңызы зор.