Италия экономикасы
Италия – әлемдегі аса жоғары дамыған жетекші елдердің бірі. Ұлттық табыс көлемі (1146,2 млрд. АҚШ доллары, 1997) жағынан дүние жүзінде АҚШ, Қытай, Жапония, Германия, Франциядан кейін 6-орында, оны жан басына шаққанда 3-орында. Экономикадағы өнеркәсіп үлесі – 35,6%, ауыл шаруашылығы – 3,9%, қызмет көрсету – 60,5%. Халқының 70%-ы – қызмет көрсету, 22%-ы – өнеркәсіпте, 8%-ы – ауыл шаруашылығында жұмыс жасайды. Экономикасында шет ел капиталының үлесі үлкен. Экономикасындағы негізгі салалары: машина жасау, автомобиль жасау, тамақ, химия, тігін, металлургия, т.б. Соңғы жылдары роботтар мен электронды жабдықтар өндірісі тез дамып келеді. Ауыл шаруашылығы жоғары деңгейде. Астық өнімдерінен бидай, жүгері, күріш (Еуропада 1-орында), оған қоса жеміс-жидек, жаңғақ, жүзім (90%-ы – шарап жасауға жұмсалады), помидор өсіріледі. Еуропалық одақтың талабы бойынша мал шаруашылығы аса дамытылмай, көбінесе, сүтті және етті мүйізді ірі қара өсіріледі. Теңіз саудасы жақсы дамыған: экспорттың 60 – 65%-ы, импорттың 80 – 90%-ы сауда флотының үлесінде (жүк тасу мөлшері бойынша әлемде 10-орында).
Италия – аса ірі туризм орталығы (жылына 50 млн-нан аса адам туристер келеді). Ел сыртқы сауда мөлшері бойынша дүние жүзінде 6-орында. Сыртқы саудадағы негізгі әріптестері Еуропалық одақ елдері (ең алдымен Германия, Франция, Ұлыбритания) – 40%-дан астам, АҚШ (7%), Жапония, Орталық және Шығыс Еуропа елдері, т.б.
Италия валюталық одақтың, Еуро аймағына (қара көк), құрамына кіреді.
Қазақстанмен қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Еліміздің Президенті Н.Назарбаев 2 рет (1994; 1998) ресми сапармен Италияда болып қайтты. 1997 жылы Италия Президенті О.Л. Скальфаро Қазақстанда болды. Италия еліміз экономикасындағы шет ел инвесторлары арасында 7-орында. Республикада 12 италиялық фирма өкілдігі, 46 бірлескен компаниялар жұмыс жасайды. Оның ішінде аса ірілері ретінде “Аджип” (Қарашығанақта), “Сайпен”, “Ди Анжели Индейстриз”, т.б. айтуға болады. Екі ел арасында қаржы, мәдениет, оқу-ағарту, туризм салалары бойынша да көптеген келісімдер жасалған. 1999 жылы Рим, Легче, Неаполь қалаларында Қазақстаннан табылған “Алтын адам” экспонатының көрмесі болып өтті.