Италия тарихы
Ежелгі Рим[өңдеу]
Ежелгі дәуірде Италия территориясында Рим мемлекеті салтанат құрды. 4 – 5 ғасырларда Рим империясына көршілес герман, ғұн, авар тайпалары күйрете соққы берді. 476 жылы Батыс Рим империясы құлап, орнына Одоакр корольдігі (476 – 493) құрылды.
Орта ғасырлар[өңдеу]
Римдегі Колизей. Римдік архетектураның және техниканың ең ірі туындысы
488 жылы Солтүстік Италияға остготтар басып кіріп, өз корольдіктерін (493 – 544) құрды.
554 жылы Италияның көпшілік бөлігін Византия империясы басып алды.
754 – 56 жылы франктер Апеннин түбегіне жорық жасап, елдің орталық бөлігін бөліп алды және ол жерді Рим папасына тарту етті. Бұл қасиетті Папа мемлекетінің (Папа облысы) құрылуының бастамасы болды.
774 жылы елді толығымен Ұлы Карл жаулап алды. Франктер империясының ыдырау нәтижесінде 781 жылы Италия корольдігі құрылды. Герман королі Оттон Корольдігінің басқыншылық жорықтары (951 және 961 – 62) нәтижесінде корольдік 962 жылы Қасиетті Рим империясының құрамына қосылды. Ақсүйектер арасындағы өзара қырқысулар, арабтар мен венгрлердің шапқыншылықтары халықтың тұрмысын күрт нашарлатып жіберді. Италияның басқа Еуропа елдерінен басты ерекшелігі мұнда қалалар өте көп болды және қолөнер мен сауда-саттық үнемі қызу жүріп жатты.
10 ғасырдан бастап қалалардың сеньорлармен (герцог, граф, епископ) күресі нәтижесінде коммуналар (өзін-өзі басқаратын қалалық қауымдар) құрыла бастады. Коммунадағы билік қала шонжарларының, бай көпестердің қолында болды. Бірте-бірте елдің аса ірі портты қалалары (Генуя, Венеция, т.б.) Батыс пен Шығыс арасындағы басты сауда орталықтарына айналды.
1154 – 76 жылы герман императоры Фридрих Барбаросса Италия қалаларын бағындыру үшін елге 5 рет жорық жасады. Дегенмен Констанц бітімі (1183) бойынша, Италия қалалары өз тәуелсіздіктерін сақтап қалды. Германдарға қарсы күрес елде ұлттың сана-сезімінің оянуына ықпал етіп, бірте-бірте италия ұлты мен италия әдеби тілі қалыптаса бастады.
11 ғасырда Оңтүстік Италиямен Сицилияны нормандар басып алып, Сицилия корольдігін құрды. 1282 жылы халық көтерілісі Сицилия корольдігінің құлауына алып келді.
13 ғасырдың аяғы мен 14 ғасырдың басында Сицилияны, 15 ғасырдың орта шенінде Оңтүстік Италияны басып алған Арагон корольдігі бірте-бірте бүкіл Оңтүстік Италияға испан үстемдігін орнатты.
13 ғасырда Орталық және Солтүстік Италиядағы алдыңғы қатарлы қалалар мен мемлекеттерде нарықтық қатынастар тез дами бастады. Оларда банк ісі (Сиена, Флоренция), шығыс елдерімен сауда (Генуя, Венеция), шұға тоқу (Болонья, Сиена, Флоренция, Милан) кең өріс алды. Дүние жүзінде тұңғыш рет Италияда 14 ғасырда шұға шеберханалары негізінде мануфактуралар пайда болды. Осы кезде Италия мәдениетінің Қайта өрлеу дәуірі басталды (14 – 16 ғасырлар).
Испандық өктемдiлiк және Франция ықпалының өсуі[өңдеу]
Елдегі саяси бытыраңқылық, сауда жолдарының Жерорта теңізінен Атлант мұхитына ауысуы 16 ғасырда өнеркәсіп пен сауданың құлдырауына алып келді. Елдің бытыраңқылығын пайдаланған Франция мен Испания Италия жері үшін өзара соғыстар жүргізді (1494 – 1559). Нәтижесінде Сицилияны, Сардинияны, Милан герцогтығын, Оңтүстік Италиядағы мемлекеттерді (Венеция, Папа облысы, Совоя герцогтығынан басқаларын) Испания басып алды.
16 – 17 ғасырларда Италия экономика жағынан құлдырап, өнеркәсіп орындары тек Солтүстік Италияда ғана қалды. Иезуиттер ордені құрылып (1534), инквизиция қалпына келтірілді (1542). Озық ойлы адамдар қуғынға ұшырады (Джордано Бруно, Джордано Ванини отқа өртелді, П.Кампанелла, Г.Галилей, т.б. инквизиция сотымен сотталды). Испан тағының мұрагерлігі үшін болған соғыстар (1701 – 14) Италия жерімен өтіп, халық мүлдем қайыршылыққа ұшырады.
1714 жылы Италиядағы испан иелігі толығымен Австрияға өтіп,
1734 жылы Австрия Сицилия мен Неаполитан корольдігін қайтадан испандарға берді.
1720 жылы Савоя герцогтығы Австриядан Сардинияны алып, Сардиния корольдігі құрылды (1720 – 1861).
Өркендеу дәуірі[өңдеу]
Джузеппе Гарибальди және Виктор Эммануэл II арасындағы аңызға айналған "Теанодағы қол алысу": 26 қазан, 1860 жыл
18 ғасырдың 2-жартысынан бастап елде қайтадан экономикалық өрлеу басталып, ғасыр аяғында Италияны бір орталыққа біріктіру жолында күрес басталды. Бұл қозғалыс 1848 – 49 жылғы революцияға алып келді. Бірігу жолындағы шешуші күрес 1859 – 60 жылы Австрия-Италия-Франция соғысында шешілді.
1859 жылы Австриядан Ломбардия азат етіліп, Орталық Италия герцогтықтарындағы (Моден, Парм, Тоскан) және Романьедегі халық көтерілістері жеңіске жетті. Елді біріктіруде халық батыры Джузеппе Гарибальдидің Сицилия мен Неапольға жасалған жорықтары үлкен рөл атқарды. Италияны біріктіру 1870 жылы Рим облысының қосылып, ондағы папа билігінің жойылуымен аяқталды. Елдің бірігуінен кейін экономика жедел дами бастады.
Жаңа уақыт[өңдеу]
19 ғасырдың аяғынан бастап Италия үкіметі отарлау саясатын жүргізе бастады.
1889 жылы Сомали жаулап алынды, Эфиопияға басып кіргенімен,
1896 жылы күйрей жеңілуге мәжбүр болды.
XX ғасыр[өңдеу]
1918 жылдағы италиялық жаяу әскерлерi. Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде 650.000-ға жуық италиян жауынгерлері қаза табылған
1911 – 12 жылы Түркиямен соғысып, одан Ливия мен Додеканес аралдарын тартып алды. 1882 жылы Үштік одаққа (Германия, Австрия-Венгрия, Италия) қосылғанымен, Бірінші дүниежүзілік соғыста (1914 – 18) Антанта (Ұлыбритания, Франция, Ресей, т.б.) жағына шығып кетті. Осы соғыста 700 мың адамы өліп, 1 млн-нан астамы мүгедек болды, бүкіл Солтүстік Италия қаңырап қалды. Дегенмен, соғыс нәтижесінде Трентиноны, Оңтүстік Тирольді, Истрияны, Адриатикадағы кейбір жерлерді өзіне қосып алды.
1920 жылы тұрмыстың ауырлығынан елде жұмысшылардың кәсіпорындарды басып алу қозғалысы басталды. Барлық металл өңдеу, машина жасау зауыттары мен фабрикалар іс жүзінде елдегі 600 мың жұмысшының қолына өтті. Оған қарсылық ретінде ірі буржуазия 1919 жылы Б.Муссолини құрған фашистік партияға қаржылай көмекті күшейтті.
Нәтижесінде 1922 жылы фашистер үкімет басына келді. Фашистерге қарсы партиялар (негізінен, социалистер мен коммунистер) ел парламентінен шығып кетіп, оппозициялық фракция комитетіне бірікті. Бірақ көп ұзамай фашистер шабуылға шығып, сөз бостандығына тыйым салды.
1926 жылы фашистік партиядан басқа саяси ұйымдардың бәріне тыйым салынды. Антифашистерді жазалау үшін Ерекше трибунал құрылды.
1936 жылы майда Италия Эфиопияны басып алды,
1936 – 39 жылы Испаниядағы фашистік төңкеріске белсене араласты,
1937 жылы “Антикоминтерндік пактіге” қосылды,
1939 жылы Албанияны басып алды.
1940 жылы 10 маусымда Францияға шабуыл жасады, осы жылы 27 қыркүйекте Германиямен және Жапониямен қосылып, Үштік келісімшартқа отырды.
1940 жылы қазанда Грекияға,
1941 жылы сәуірде Югославияға шабуыл жасады.
1941 жылы маусымда Германиямен бірігіп, КСРО-ға шабуыл жасады. Кеңес армиясы 1942 – 43 жылы қыста Орта Дон бойында Италия армиясын толық талқандады.
1941 – 43 жылы Италия әскерлері Солтүстік Африкада да толығымен талқандалды.
1943 жылы 25 шілдеде елде мемлекет төңкеріс болып, Муссолини корольдің бұйрығымен тұтқындалды. Бірақ 8 қыркүйекте Германия Италияға басып кіріп, Муссолиниді түрмеден босатты. 3 және 9 қыркүйекте ағылшын-американ әскерлері (Апеннин түбегіне) десант түсірді. Елде фашистерге қарсы Қарсыласу қозғалысы күшейді.
1945 жылы сәуірде жалпыхалықтық көтеріліс нәтижесінде ел толығымен азат етілді.
1946 жылы 2 маусымда елде референдум өтіп, Италия республика болып жарияланды. Соғыстан кейінгі бейбіт келісім бойынша ол отарларынан бас тартып, Албания мен Эфиопияның тәуелсіздігін мойындады.
1948 жылы Маршалл жоспарына сәйкес, АҚШ-тан көмек алды.
1949 жылы НАТО-ға мүше болып кіріп, елде АҚШ әскери базалары орналастырылды. Соғыстан кейін өнеркәсіптің жаңа салалары (мұнай, газ, химия, машина жасау, т.б.) тез дамып, Италия индустриялы-аграрлы елге айналды. Ол көптеген халықаралық ұйымдарға: БҰҰ-ға (1955), Еуропа кеңесіне (1949), Еуропалық одаққа (1957), т.б. мүше.